Қазақстан мен Аргентина арасындағы парламентаралық диалог нығаюда
06.03.2026 08:22:43 205
Буэнос-Айрес, 2026 жылғы 5 наурыз – Аргентинаға жұмыс сапары аясында Қазақстанның Бразилиядағы және Аргентинадағы қоса атқарушы Елшісі Болат Нүсіпов Аргентина Ұлттық конгресінің Депутаттар палатасындағы «Қазақстан–Аргентина» парламентаралық достық тобының төрайымы Марсела Пагано және топ мүшелерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында аргентиналық тарапқа мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесін жан-жақты жетілдіруге және институционалдық дамудың жаңа кезеңіне өтуді аяқтауға бағытталған алдағы конституциялық өзгерістер туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасын қабылдау жөніндегі республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызға белгіленгені және аталған референдум барысында ел азаматтары жаңартылған конституциялық үлгі бойынша түпкілікті шешім қабылдайтыны жеке атап өтілді.
Әңгімелесу барысында қазақстандық дипломат достық тобының төрайымы ретіндегі белсенді қызметі үшін Пагано ханымға шынайы ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, Елші 2024 жылғы желтоқсанда өткен парламенттік топтардың алғашқы бірлескен отырысының маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл кездесу парламентаралық диалогты институционалдандырудың маңызды кезеңіне айналып, іс жүзінде ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін берік негіз қалады.
Сонымен қатар, Б.Нүсіпов Аргентинаның Қазақстан үшін Латын Америкасындағы сенімді серіктес ретіндегі рөлін атап өтіп, Еуразия өңірінде Қазақстанның Аргентина үшін стратегиялық маңызын ерекше баса айтты.
Осы тұрғыда парламентаралық диалог саяси ықпалдастықтың маңызды элементі ретінде сипатталып, ол екіжақты қатынастардың барлық кешеніне, соның ішінде сауда-экономикалық салаға қосымша серпін беруге қабілетті екені айтылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1175997?lang=kk