БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша invest.enpf.kz бірыңғай интернет-платформасын іске қосты
06.03.2026 17:00:38 123
БЖЗҚ азаматтардың зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасының іске қосылғаны туралы хабарлайды. Платформа инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) туралы барлық ақпаратты бір цифрлық кеңістікте біріктірді және ұсынылатын инвестициялық қызмет туралы деректердің жүйелілігін қамтамасыз етеді.
Жобаның мақсаты – зейнетақы активтерінің кірістілігі туралы деректерді жариялауды үндестіру және инвестициялау нәтижелеріне әсер ететін факторларды түсіндіру арқылы халықты хабардар етуді арттыру және зейнетақы активтерін инвестициялау тетіктеріне қатысты тұрақты түсінік қалыптастыру.
Инвестициялық басқару жөніндегі бірыңғай ақпараттық интернет-платформа – бұл салымшыларға зейнетақы инвестицияларын онлайн-режимде талдауға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс.
Пайдаланушыларға зейнетақы жинақтарының жүйесі, бағалы қағаздар, инвестициялау стратегиялары (критерийлері), базалық ұғымдар, зейнетақы активтерін орналастыру құрылымы, сондай-ақ ИПБ-лардың қаржылық көрсеткіштері, санкциялар мен ықпал ету шаралары туралы ақпарат, ИПБ-лардың реттеушілік талаптарды сақтауы туралы деректер және салымшыларға ИПБ-ның өзіндік портретін жасауға мүмкіндік беретін өзге де мәліметтер қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.
Платформа кірістілік туралы ақпаратқа ыңғайлы және құрылымдалған қолжетімділікті қамтамасыз етеді, белгіленген кезеңдер бойынша сенімгерлік басқарушылардың (ҚРҰБ және ИПБ) басқаруындағы зейнетақы активтерінің портфельдері бойынша түрлі деректерді салыстыруға мүмкіндік береді. Салымшы инвестициялық портфельдерді өз бетінше бағалауға, сондай-ақ басқарушыны және оның мақсаттары мен үміттеріне бейімделген инвестициялау стратегиясын таңдауға арналған құралдарға қол жеткізе алады.
Осылайша, бірыңғай интернет-платформа салымшылардың зейнетақы капиталын басқаруға және саналы түрде өзінің қаржылық болашағын қалыптастыруға барынша қатысуына ықпал ете отырып, зейнетақы жүйесіндегі цифрлық сервистерді дамытудың маңызды элементіне айналады.
Платформаның негізгі мүмкіндіктері
1. Ақпараттың көрнекілігі мен қолжетімділігі
Барлық деректер пайдаланушылардың кең ауқымы үшін ыңғайлы және түсінікті форматта ұсынылған, бұл салымшыға өз қаражатының қайда және қалай инвестицияланатынын анық түсінуге мүмкіндік береді.
2. ИПБ кірістілігі мен көрсеткіштерін салыстыру
Платформа ИПБ-ларды портфель құрылымының кірістілігі, зейнетақы активтерінің шартты бірлігінің құны, сондай-ақ қаржылық көрсеткіштер мен инвестициялық қызмет нәтижелері сынды негізгі параметрлер бойынша салыстыруға мүмкіндік береді.
3. Инвестициялық стратегияны саналы түрде таңдау
Салымшы инвестициялық декларацияларды дербес зерделей алады және зейнетақы жинақтарын зейнетақы активтерін инвестициялық басқару критериіне сәйкес таңдаған ИПБ-ға басқаруға беру туралы шешім қабылдай алады.
4. Салымшының толық ақпараттық бақылауы
Қажетті талдау жүргізе отырып, пайдаланушы Порталдан жеке кабинетке өту арқылы өзінің жеке зейнетақы активтері туралы егжей-тегжейлі ақпарат алады. Қажет болған жағдайда ИПБ-ға міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының 50%-на дейін және ерікті зейнетақы жарналарының 100%-на дейін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына аударуды жүзеге асыра алады.
Жеке кабинеттің функционалы
Жеке кабинетте салымшы:
ҚР ҰБ/ИПБ-дан/-ға аудару/қайтару үшін қолжетімді соманы тексере алады;
- ИПБ таңдау (өзгерту туралы) туралы немесе ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚР ҰБ сенімгерлік басқаруға қайтаруға өтініш беру қағидаларымен және шарттарымен таныса алады;
- ИПБ таңдау (өзгерту туралы) немесе ҚР ҰБ-ға қайтару туралы өтініш беріп, оның мәртебесін қадағалай алады;
- басқа да қолжетімді зейнетақы қызметтерін алуға мүмкіндігі бар.
БЖЗҚ-ның цифрлық сервистерін дамыту
БЖЗҚ салымшылар үшін ыңғайлы ету және олардың қажеттіліктеріне назар аудара отырып, цифрлық сервистерді тұрақты негізде жетілдіріп келеді.
01.01.2025 ж. бастап 31.12.2025 ж. дейінгі кезеңде Қор халыққа 43,3 млн. қызмет көрсетті. Олардың жалпы санының 27,2 млн-ы – электрондық форматта, 14,7 млн-ы – автоматты түрде. Осылайша автоматты, электронды және қашықтағы форматтағы қызметтердің үлесі жалпы санның 97,9%-ын құрады.
Салымшылардың веб-сервистер арқылы кез-келген уақытта жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алуға, деректемелерге өзгерістер енгізуге мүмкіндігі бар. Жеке кабинеттің басты бетіндегі жаңалықтармен танысып, төлемге өтініш беріп, зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға, басқарушы компанияны ауыстыруға немесе активтерді ҚРҰБ басқаруына қайтаруға өтініш бере алады және онлайн режимде берілген өтініштердің мәртебесін қадағалай алады.
БЖЗҚ-ның цифрлық экожүйесі бүгінде зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігін, жеделдігін және ашықтығын қамтамасыз етеді және Қордың салымшылармен өзара іс-қимылының негізгі арнасы болып табылады.
Тақырыпқа қатысты сұхбат сілтемесі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1176650?lang=kk