Ел болашағы үшін маңызды шешім
11.03.2026 20:26:39 91
Шымкент қаласындағы №96 жалпы білім беретін мектепте тұрғындармен кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жаңа Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіру және азаматтарды алдағы маңызды саяси науқан туралы ақпараттандыру.
Кездесу барысында жаңа Конституцияны қабылдауға санаулы күндер қалғаны айтылып, құжаттың тағдырын дауыс беру арқылы ел азаматтарының өздері айқындайтыны атап өтілді.
Жиында жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесінде ауқымды өзгерістерді көздейтіні, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтетіні, сондай-ақ жаңа мемлекеттік институттардың қалыптасуына жол ашатыны туралы кеңінен айтылды. Соның ішінде маңызды жаңашылдықтардың бірі – «Халық кеңесі» институты. Бұл құрылым халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде қызмет атқарып, заң шығару бастамаларын көтеру, референдум өткізу жөнінде ұсыныстар енгізу және ұлттық құндылықтарға қатысты мәселелер бойынша ұсыныстар айту құқығына ие болады.
Кездесуде сөз сөйлеген заңгер-кеңесшісі Ердәулет Тастанбек Президенттің бастамасымен бір палаталы Парламент – Құрылтай құру ұсынылғанын атап өтті.
– Құрылтай 145 депутаттан тұратын болады. Олар бес жылдық мерзімге пропорционалды жүйе бойынша сайланады. Депутаттыққа кандидаттар кемінде 25 жаста болуы және Қазақстан аумағында соңғы 10 жыл тұрақты тұруы тиіс. Жаңа Конституцияның преамбуласында еліміздің тарихи мұрасы мен ұлттық құндылықтарына ерекше мән берілген. Құжатта Ұлы дала өркениетінің мыңжылдық тарихының сабақтастығы және Қазақстанның аумақтық тұтастығының мызғымастығы атап көрсетілген. Сонымен қатар мемлекет дамуының негізгі стратегиялық бағыттары – білім беру, мәдениет, ғылым, инновация және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері айқындалған. Преамбулада «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң және тәртіп» қағидаты ерекше атап өтіледі, – деді ол.
Сондай-ақ жаңа Конституцияда адам құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінгені айтылды. Атап айтқанда, өлім жазасына толық тыйым салу нормасы сақталып, жеке бостандық ұғымы кеңейтіліп, заңсыз ұстаудан қорғау кепілдіктері күшейтіледі. Сонымен бірге адвокатура институты конституциялық деңгейде бекітіледі.
Кездесу барысында мәдениет саласының өкілі, танымал өнер қайраткері Еркінбек Шымырқұлов та сөз сөйлеп, жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындауда, сондай-ақ қоғамдағы бірлік, әділеттілік, білім мен ғылымды дамыту сияқты маңызды құндылықтарды нығайтуда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Ол ұсынылып отырған реформалар қоғам дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, азаматтық бастамалардың белсенділігін арттырып, цифрлық платформалардың саяси өмірдегі рөлін күшейтетініне сенім білдірді.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституцияға қолдау білдірді.