Зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі: зейнетақы жинақтарын ерте қалыптастырудың және зейнетақы жарналарының тұрақтылығының маңыздылығы
12.03.2026 16:33:19 288
Зейнетақының жеткіліктілігі ұғымы
Жеткілікті зейнетақы табысы – бұл адам зейнеткерлікке шыққаннан кейін бұрынғы өмір сүру сапасын сақтап, елеулі қаржылық шектеулерді сезінбей өмір сүруіне мүмкіндік беретін төлем мөлшері. Зейнетақы жүйесінің жеткіліктілігін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – кірісті алмастыру коэффициенті (КАК). Бұл көрсеткіш зейнеткердің бұрынғы жалақысының қандай үлесін зейнетақы ретінде алатынын көрсетеді. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынымдарына сәйкес, егер кірісті алмастыру коэффициенті еңбекке жарамды кезінде алып отырған табысының кемінде 40%-ын құраса, зейнетақы жеткілікті деп есептеледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда бұл көрсеткіш орта есеппен шамамен 41% деңгейінде.
Еске сала кетейік, бүгінде Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Ол базалық және ынтымақты (мемлекет есебінен қаржыландырылады), міндетті және ерікті (салымшылардың жеке зейнетақы жинақтары, инвестициялық кірісі және жұмыс берушінің жарналары есебінен қалыптасады) деңгейлерден тұрады. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ынтымақты зейнетақының көлемі біртіндеп азайып келеді. Өйткені оны тағайындау кезінде тек 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі ғана есепке алынады. 2040 жылдардың басында зейнетке мұндай еңбек өтілі жоқ адамдар шыға бастайды. Бұл азаматтар ынтымақты зейнетақы алмайды. Сондықтан олардың зейнетақысының мөлшері тікелей жинақталған қаражат көлеміне байланысты болады.
Зейнетақының жеткілікті мөлшерін қамтамасыз ету үшін үш негізгі фактор маңызды:
- жинақ қалыптастыру кезеңі;
- жарналардың тұрақтылығы;
- жарналардың толық төленуі.
Енді осы мәселелерді есептеулер арқылы рет-ретімен қарастырайық.
Жинақ қалыптастыру кезеңі
Салымшы зейнетақы жүйесіне қаншалықты ерте қатысса, оның жинақтау кезеңі соншалықты ұзақ болады. Бұл өз кезегінде жинақталған қаражаттың көбірек болуына және жинақтаушы компоненттен алынатын төлемдердің ұлғаюына мүмкіндік береді.
Төмендегі кестеде салымшының қанша жыл бойы жарна аударуына байланысты зейнетақы қаражатының қорытынды сомасы қалай өзгеретінін көрсететін салыстырмалы есеп берілген. Есептеу кезінде орташа айлық жалақы мөлшері ескерілді.
ЖЗЖ-ға қатысу мерзімі | Зейнет жасына жеткендегі жинақ сомасы (инвестициялық кіріс есебімен), теңге | Зейнетақы алатын алғашқы жылы БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлем, теңге |
20 жыл | 17 687 113 | 95 805 |
30 жыл | 34 087 138 | 184 638 |
40 жыл | 57 422 226 | 311 037 |
*барлық сомалар 2026 жылғы бағамен көрсетілген
Зейнетақы жарналарының тұрақтылығы мен толықтығы
Зейнетақы жарналарының тұрақты түрде төленуі де аса маңызды. Егер қызметкердің міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) бүкіл еңбек қызметі барысында жылына 12 рет тұрақты төленсе, орташа табысы бар салымшы ХЕҰ белгілеген ең төменгі стандарттан (40%) төмен болмайтын табысты қамтамасыз ететін жиынтық зейнетақы төлемдеріне үміт арта алады.
Жиынтық зейнетақы (жеке зейнетақы жинақтары мен базалық зейнетақы есебінен) бойынша жүргізілген есептеулер жарналардың тұрақтылығы болашақ зейнетақы мөлшеріне тікелей әсер ететінін көрсетеді: жарналар неғұрлым жиі төленсе, төлемдер де соғұрлым жоғары болады. Тиісінше, кірісті алмастыру коэффиценті де өседі.
Зейнетақы жарналарының жиілігі (жыл ішінде жарна төленген ай лар саны) | Жұмыспен өзін өзі қамтыған адам жарнаны тұрақты төлеген кездегі алғашқы жиынтық зейнетақы төлемінің мөлшері | Совокупный КЗД, при условии уплаты взносов с СМЗ |
6 | 251 595 | 29% |
8 | 318 509 | 32% |
12 | 452 338 | 35% |
*барлық сомалар 2026 жылғы бағамен көрсетілген
Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары орташа жалақыдан ай сайын төленген жағдайда, жинақтаушы және базалық құрамдауыштар есебінен жиынтық кірісті алмастыру коэффициенті кемінде 35% болады. Бұл кезеңде зейнетке шығатын азаматтар ынтымақты зейнетақы алмайды. Алайда болашақта бұл бөлікті жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) арқылы төленетін қаражат алмастырып, халықаралық стандарттарға сәйкес кемінде 40% деңгейіндегі кірісті алмастыру коэффициентіне қол жеткізу күтілуде.
Жинақтау кезеңі мен жарналардың тұрақтылығы базалық зейнетақы мөлшеріне де тікелей әсер етеді. Бұл төлем зейнет жасына жеткенде тағайындалады және адамның зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде минималды базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылуда: еңбек өтілі 10 жылға дейін болған жағдайда – күнкөріс минимумының 70%-ына дейін; ең жоғары мөлшері – 2026 жылы күнкөріс минимумының 118%-ы, 2027 жылдан бастап 120%-ы (жалпы еңбек өтілі 34 жыл және одан көп болған жағдайда). 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі тек тұрақты төленген міндетті зейнетақы жарналары арқылы ғана расталады.
Зейнетақының ұлғаюына немесе азаюына тағы не әсер етеді?
Жалпы зейнетақы көлеміне инвестициялық кіріс елеулі үлес қосады. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салымшылардың жиынтық зейнетақы жинақтарындағы орташа жинақталған инвестициялық кірістің үлесі 41,4% болды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне толыққанды қатысқан жағдайда зейнетке шығу сәтінде жеке зейнетақы жинақтарындағы инвестициялық кірістің үлесі 70–80%-ға дейін жетуі мүмкін.
Салымшы зейнетақы жүйесіне неғұрлым ерте қосылып, жарналарды тұрақты әрі толық төлесе, инвестициялық кірістің тиімділігі де жоғары болады.
Сонымен қатар салымшылар өз жинақтарын инвестициялық басқаруға қатыстыру мүмкіндігіне ие. Бүгінде БЖЗҚ салымшылары міндетті зейнетақы жинақтарының 50%-ына дейін, ерікті зейнетақы жинақтарын 100% -ын өз таңдауы бойынша жеке басқарушы компаниялардың (ИПБ) басқаруына бере алады.
Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) арқылы да айтарлықтай арттыра алады. Мұндай жарналарды өзіңіз, жақындарыңыз, соның ішінде кәмелетке толмаған балалар үшін де төлеуге болады. Заңды тұлғалар да өз қызметкерлері үшін ерікті зейнетақы жарналарын аударып, оны әлеуметтік пакет құрамына енгізе алады. Ерікті жарналар үшін заңнамада салықтық жеңілдіктер, толық көлемде басқарушы компанияларға беру құқығы, төлемдерді зейнет жасына дейін – 50 жастан бастап алу мүмкіндігі қарастырылған.
Ал зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу болашақтағы зейнетақы табысын едәуір азайтуы мүмкін. Жинақтарды алу кезінде шотта қалуы тиіс минималды жеткіліктілік шегі – бұл болашақта ай сайынғы төлемдердің ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмауын қамтамасыз ететін зейнетақы жинақтарының ең төменгі көлемі. Бұл ретте болашақтағы міндетті жарналардың тұрақты төленуі болжанады. Басқаша айтқанда, ең төменгі жеткіліктілік шегі – бұл салымшы зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақымен бірге ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмайтын төлем мөлшерін қамтамасыз ететін ең аз жинақ көлемі.
Салымшыларға қолайлы болу үшін БЖЗҚ «Зейнетақы калькуляторы» және «Дербес зейнетақы жоспары» қызметтерін ұсынады. Бұл құралдар болашақтағы төлем мөлшерін алдын ала есептеп, жинақтау стратегиясын түзетуге мүмкіндік береді. Аталған қызметтер БЖЗҚ сайты мен мобильді қосымшасында қолжетімді.
Қорытынды
Зейнетақы – ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлаудың маңызды бөлігі. Оның тиімділігі салымшының белсенділігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Салымшы зейнетақы активтерін неғұрлым ерте қалыптастыра бастаса, болашақта алатын зейнетақы табысы да соғұрлым жоғары болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbekshikazakh-shelek/press/news/details/1179743?lang=kk