ЖАСӨСПІРІМДЕР ШЕБЕРЛІГІ СЫНҒА ТҮСКЕН ДОДА

ЖАСӨСПІРІМДЕР ШЕБЕРЛІГІ СЫНҒА ТҮСКЕН ДОДА

14.03.2026 16:57:17 106

Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында құзға өрмелеу спортынан Қазақстан Республикасының Кубогы басталды. Еліміздің әр өңірінен келген жас спортшылар бас қосқан бұл жарыс талантты өрендердің шеберлігін шыңдап, халықаралық деңгейдегі бәсекелерге жол ашатын маңызды спорттық дода.

Биылғы жарысқа Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Алматы облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы және Ақтөбе облысы өңірлерінен келген 160-қа жуық спортшы қатысып жатыр. Бірнеше күнге жоспарланған бәсекеде жас спортшылар жылдамдық, күрделілік және шеберлік бойынша өзара мықтыны анықтайды.

Додада қатысушылар құзға өрмелеу спортының негізгі бағыттары бойынша сынға түсіп, өздерінің физикалық дайындығы мен техникалық шеберлігін көрсетеді. Бұл жарыс – тек жеңіс үшін тартыс қана емес, сонымен қатар жас спортшылардың тәжірибе жинап, өз мүмкіндігін көрсетуіне берілген үлкен мүмкіндік.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың басты мақсаты жасөспірімдер арасында құзға өрмелеу спортын кеңінен дамыту, дарынды спортшыларды анықтап, олардың халықаралық ареналарда ел намысын қорғауына жол ашу.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар жеңімпаз және жүлдегер атанып, алдағы халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Айта кету керек, республикалық деңгейдегі бұл спорттық шара «Денсаулық» спорт кешені ғимаратында өтуде. Мұндай ауқымды жарыстар жас спортшылардың тәжірибесін арттырып қана қоймай, елімізде құзға өрмелеу спортының кеңінен дамуына серпін береді.