Қазақстан тау өңірлерінің орнықты дамуы жөніндегі жоғары деңгейдегі іс-шараға қатысты
20.03.2026 08:48:57 169
Нью-Йорк, 2026 жылғы 18 наурыз - Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердің тау өңірлерінің орнықты дамуына арналған жоғары деңгейдегі іс-шарасы өтті. Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров қатысты.
Іс-шара БҰҰ жанындағы Қырғыз Республикасының Тұрақты өкілдігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп ұйымдастырылып, тау өңірлерінің орнықты дамуын ілгерілету, оның ішінде 2030 жылға дейінгі Орнықты даму күн тәртібін іске асыру мақсатында халықаралық ынтымақтастықты нығайту шеңберінде өтті.
Өз сөзінде Қ.Омаров Қазақстанның әртүрлі экожүйелерге, оның ішінде тау аймақтарына ие бола отырып, климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі, шөлейттену және су ресурстарының тапшылығы сияқты экологиялық сын-қатерлерге іс жүзінде тап болып отырғанын атап өтті. Бұл үдерістер Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігіне, орнықты дамуға және өңірлік тұрақтылыққа тікелей әсер ететіні айтылды.
Өңірлік өзара іс-қимылды және көпжақты ынтымақтастықты күшейту, сондай-ақ экологиялық проблемаларды шешу үшін қаржылық, технологиялық және ғылыми ресурстарды жұмылдыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда қатысушыларға 2026 жылғы сәуір айында Астана қаласында өтетін Өңірлік экологиялық саммит туралы ақпарат берілді. Саммит климаттың өзгеруіне бейімделу, су ресурстарын орнықты басқару және биоалуантүрлілікті сақтау салаларында нақты шешімдер әзірлеуге арналған алаң болады.
Сонымен қатар, Қ.Омаров Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының құрылуын атап өтті. Оның қызметі әріптестікті нығайтуға, инвестиция тартуға және жаһандық міндеттемелерді нақты өңірлік және ұлттық жобаларға айналдыруға ықпал ететін болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1185615?lang=kk