Қазақстанда ЕАЭО елдерінен тауарлар импорттау кезінде ең төменгі баға деңгейін қолдану тәртібі өзгерді
30.03.2026 15:32:57 272
Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауарлар импорттау кезінде қосылған құн салығын есептеу барысында ең төменгі баға деңгейін (ЕТБД) айқындау және қолданудың жаңартылған тетігі енгізілгенін хабарлайды. Жаңа тәртіп Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 518-бабында көзделген және ҚР Қаржы министрі міндетін атқарушының 2025 жылғы 31 қазандағы №658 бұйрығымен бекітілген.
Ең төменгі баға деңгейі не үшін қолданылады
Ең төменгі баға деңгейі ЕАЭО елдерінен жекелеген тауар түрлерін импорттау кезінде ҚҚС есептеу барысында қолданылады. Бұл тетіктің негізгі мақсаты – импортталатын тауарлардың құнын төмендету жағдайларын болдырмау және салықтың дұрыс есептелуін қамтамасыз ету. ЕТБД қазақстандық өндірушілердің бағалары мен импортталатын тауарлардың құны арасындағы орташа мән ретінде айқындалады. Ең төменгі баға деңгейі тоқсан сайын есептеледі.
Ең төменгі баға деңгейін айқындау тәртібі
ЕТБД есептеу үшін мемлекеттік кірістер органдары ресми статистика деректерін пайдаланады. Мемлекеттік кірістер органдары мемлекеттік статистика органдарына жылына төрт рет - 28 ақпанға дейін, 31 мамырға дейін, 31 тамызға дейін және 30 қарашаға дейін сұрау жібереді. Бұл сұраулар ақпарат ұсынылатын айдың алдындағы үш айдағы өндіруші кәсіпорындардың орташа бағалары туралы мәліметтерді алу үшін жолданады. Алынған деректер негізінде ең төменгі баға деңгейлері есептеліп, Мемлекеттік кірістер комитетінің https://kgd.gov.kz ресми интернет-ресурсында жарияланады.
Қандай тауарларға қатысты ЕТБД қолданылады
Қазіргі уақытта тізімге 35 түрлі тауар атауы енгізілген.
Олардың қатарына мыналар жатады:
азық-түлік өнімдерінің жекелеген түрлері;
құрылыс материалдары;
металл бұйымдары;
өнеркәсіптік өнімдердің кейбір түрлері;
халық тұтынатын тауарлардың жекелеген санаттары.
Импорт кезінде ең төменгі баға деңгейін қолдану тәртібі
Қосылған құн салығын қосымша есептеу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Жаңашылдықтардың бірі – импортталатын тауарлардың құны төмендетілген жағдайларда әрекет ету тетігінің өзгеруі.
Бұрын осындай фактілер анықталған кезде мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілердің атына камералдық бақылау хабарламаларын жіберетін. 2026 жылдан бастап тәртіп өзгерді: мемлекеттік кірістер органдары импортталатын тауарлар бойынша ҚҚС сомасын өздері қосымша есептеп, тиісті сомаларды салық төлеушінің жеке шотында көрсетеді.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру және ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарлардың құнын декларациялау кезінде аталған өзгерістерді ескеруді ұсынады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1189679?lang=kk