Қарулы күштердің XVI Спартакиадасы: судағы сайыстың үздіктері анықталды
01.04.2026 16:56:44 288
Астанадағы «Алатау» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Бас штабының және Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелері арасында жүзуден өткен чемпионат өз мәресіне жетті.
Әскери қызметшілердің дене даярлығы деңгейін арттыру, спорттық шеберлігін шыңдау және әскери-кәсіби дайындығын жетілдіру судағы доданың басты мақсаты болды. Сонымен қатар әскери-қолданбалы және өзге де спорт түрлерін дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Жарысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубы ұйымдастырды. Чемпионатқа қатысушылар Қорғаныс министрлігінің департаменттері, басқармалары мен орталықтары және Қарулы күштердің бас басқармалары мен әскери бөлімдері болып екі топқа бөлінді.
Жүзуде ерлер жас ерекшеліктеріне қарай – 35 жасқа дейін, 40 жасқа дейін және 40 жастан асқандар болып топ құрамында, ал әйелдер жас ерекшелігіне қарамай бір топта сынға түсті.
Чемпионат жеке және командалық форматта екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар жеке есепте ерлер 100 метрге, әйелдер 50 метр қашықтықта жүзіп жарысты. Екінші кезеңде командалар 4 адам құрамында 50 метрге жүзуден эстафета бойынша сынға түсті. Эстафетаға бірінші кезеңге қатысқан спортшылар ғана жіберілді.
– Мұндай жарыстар әскери қызметшілердің физикалық дайындығын ғана емес, командалық рухын, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін арттырады. Спорт – әскери қызметтің ажырамас бөлігі, сондықтан мұндай біріншіліктің өтуі маңызды, – деді жарысқа қатысушы Әкімшілік департаментінің бастығы полковник Асхат Бұйратаев.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жеке есепте ең үздік уақыт нәтижесі бойынша анықталды. Командалық есепте орындар барлық қатысушының нәтижелері мен эстафетадағы көрсеткіштер негізінде берілді. Нәтижелер тең болған жағдайда эстафетада жоғары нәтиже көрсеткен команда басымдыққа ие болды.
Ерлер арасында 35 жасқа дейінгі санатта капитан Ерхат Сәкенов (Әскери ғарыштық бағдарламалар орталығы) жеңіске жетті, 40 жасқа дейінгілер арасында капитан Мұрат Смағұлов (Қару-жарақты бақылау және инспекциялық қызметті қамтамасыз ету орталығы) чемпион атанса, 40 жастан асқандар ішінде полковник Төлеген Назаров (Инженерлік әскерлер департаменті) тұғырдың бірінші сатысынан көрінді. Бірінші топта жеке сынақта әйелдер арасында капитан Лариса Адамович (Ақпараттық қамтамасыз ету департаменті) жеңімпаз атанды. Осы топтың эстафета жарысында бірінші орын Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік департаментіне бұйырды. Жалпыкомандалық есепте департаменттер мен орталықтар арасында Қару-жарақты бақылау және инспекциялық қызметті қамтамасыз ету орталығы бірінші орын алды.
Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелері арасындағы екінші топта 14776 әскери бөлімінің ер-азаматтары барлық санатта жеңіске жетті. 35 жасқа дейінгі ерлер санатында подполковник Асқар Майтанов, 40 жасқа дейін – полковник Нұрхат Тұрапбаев, 40 жастан асқандар ішінде полковник Михаил Гаврилов жүзуден алдарынан жан салмады. Аталған топта жүзуден әйелдер сынында 1-ші орын аға лейтенант Гүлжан Нүсіпованың (Әскери полиция бас басқармасы) қоржынына түсті. Эстафета жарысында да мәреге бірінші жеткен 14776 әскери бөлімінің құрамасы болды. Жалпыкомандалық есеп бойынша екінші топта 14776 әскери бөлімінің командасы тұғырдың бірінші сатысынан көрінді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамоталармен, медальдармен, ал командалар кубоктармен марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1191881?lang=kk