Қазақстан мен кувейттік National Industries Group жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді талқылады

Қазақстан мен кувейттік National Industries Group жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді талқылады

23.09.2026 01:01:29 223

Әл-Кувейт, 21 қыркүйек 2026 жыл – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев National Industries Group Holding (NIG) компаниясының инвестициялар және ірі жобалар жөніндегі бас атқарушы директорының орынбасары Рияд Әл-Эдрисимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Кувейт сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ кувейттік бизнестің Қазақстандағы перспективалы жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.

Жылжымайтын мүлік және инфрақұрылым салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды. Елші сұхбаттасушыны Қазақстанда іске асырылып жатқан ірі жобалармен және шетелдік инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша қабылданып жатқан шаралармен таныстырды.

Alatau City жобасы және оның жылжымайтын мүлік, коммерциялық және қалалық инфрақұрылым салаларындағы инвестициялық жобаларды іске асыру әлеуеті жеке таныстырылды. Тараптар NIG және топ құрамындағы компаниялардың жаңа қала аумағындағы перспективалы жобаларға қатысуының ықтимал форматтарын талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және Қазақстандағы нақты инвестициялық мүмкіндіктерді одан әрі зерделеуге қызығушылық білдірді.

National Industries Group Holding (NIG) – 1961 жылы құрылған Кувейттің ірі әртараптандырылған инвестициялық-өнеркәсіптік холдингі. Топ тікелей инвестициялар, өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым, жылжымайтын мүлік және қаржы салаларында жұмыс істейді және Сауд Арабиясы, БАӘ, Сингапур, Ұлыбритания және Латын Америкасы елдерін қоса алғанда, бірқатар шетелдік нарықтарда инвестициялары бар. Холдинг сондай-ақ ірі халықаралық инфрақұрылымдық жобаларға қатысу тәжірибесіне ие, соның ішінде Иорданиядағы Queen Alia халықаралық әуежайының операторына инвестиция салған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/1296406?lang=ru