Халықаралық шарт ережелерін қолдану бейрезидентке табыс төлеу кезінде қосарланған салық салуды болдырмау туралы
03.04.2026 17:16:07 219
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бейрезидентке табыс төлеу кезінде қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттың ережелерін қолдану тәртібі туралы хабарлайды.
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 698-бабының
2-тармағына сәйкес халықаралық шарт ережелерін қолдану Салық кодексінде және тиісті халықаралық шартта айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
Бейрезидент табысының түріне байланысты бейрезидент табыстарына салық салудан босату не төмендетілген салық мөлшерлемесін қолдану бөлігіндегі халықаралық шартты қолдану тәртібі Салық кодексінің 705, 706, 707, 712, 713 және 714-баптарымен айқындалған.
Аталған баптарда салық агентінің халықаралық шарт ережелерін дербес қолдану құқығы да көзделген.
Халықаралық шарт ережелерін қолданудың шарттарының бірі — бейрезиденттің салық агентіне Салық кодексінің 702-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келетін бейрезиденттің резиденттігін растайтын құжатты ұсынуы болып табылады.
Сонымен қатар, Салық кодексінің 705-бабының 3-тармағына сәйкес резиденттікті растайтын құжат бейрезидентпен салық агентіне төменде көрсетілген күндердің ертерек туындағанына дейін ұсынылады:
бейрезидентке табыс төленген немесе төленбеген бейрезидент табыстары шегерімдерге жатқызылған корпоративтік табыс салығы бойынша салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей;
тиісті салық кезеңі үшін төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салық міндеттемесінің орындалуына қатысты салықтық тексеру аяқталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей.
Қосымша хабарлаймыз, егер серіктес мемлекет Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талабын жоятын Конвенцияның
(Гаага қ., 1961 жылғы 5 қазан) (бұдан әрі - Гаага конвенциясы) қатысушысы болып табылса, ресми құжаттарды заңдастыру апостиль қою рәсімімен алмастырылуы мүмкін.
Гаага конвенциясының 5-бабына сәйкес апостиль қолтаңбаның түпнұсқалығын, құжатқа қол қойған тұлғаның лауазымдық мәртебесін, сондай-ақ қажет болған жағдайда құжаттағы мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын куәландырады.
Осылайша, халықаралық шартты қолдану Салық кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады, бұл ретте шарттардың бірі — бейрезиденттің салық агентіне Салық кодексінің 702-бабы талаптарына сәйкес келетін резиденттікті растайтын құжатты Салық кодексінің 705-бабының 3-тармағында белгіленген мерзімде ұсынуы болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1193656?lang=kk