АЭХА Басшысы Қазақстанның атом саласының жоғары әлеуетін атап өтті

АЭХА Басшысы Қазақстанның атом саласының жоғары әлеуетін атап өтті

22.09.2026 22:02:53 184

Вена, 2026 жылғы 14-18 қыркүйек – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Бас директоры Рафаэль Гросси Қазақстанның атом саласының жоғары әлеуетін, еліміздің атом энергиясын қауіпсіз әрі бейбіт мақсатта пайдалану қағидаттарына бейілділігін, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

Бұл туралы Агенттіктің Бас директоры АЭХА Бас конференциясының 70-сессиясы аясында өткен халықаралық көрмедегі Қазақстанның ұлттық павильонының ресми ашылу рәсімінде мәлімдеді. Қазақстан экспозициясында халықаралық қауымдастыққа отандық атом саласының әлеуеті, ғылыми және технологиялық әзірлемелері, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттары таныстырылды.

2026 жылғы 14-18 қыркүйекте өткен АЭХА Бас конференциясының мерейтойлық сессиясына қатысқан қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин басқарды.

Жалпы пікірталастар барысында Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, атом саласын одан әрі дамыту, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті нығайту, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту және білікті кадрлар даярлау салаларындағы еліміздің негізгі басымдықтарын айқындайтын ұлттық мәлімдемесін жасады.

Бас конференция аясында Қазақстан делегациясы үш тақырыптық сайд-ивент ұйымдастырды.

«Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл: ұлттық қасіреттен ұлттық мақтанышқа дейін» атты іс-шара Қазақстанның ядролық мұраны зерделеу және ядролық сынақтардың салдарын еңсеру тәжірибесіне, сондай-ақ қазіргі заманғы ядролық ғылымды дамытуға арналды.

«Қазақстанның алғашқы атом электр станциялары үшін адами капиталды дамыту» атты іс-шара барысында Қазақстан өкілдері мен халықаралық сарапшылар қауымдастығы елдің атом энергетикасын дамыту үшін мамандар даярлау, адами капиталды қалыптастыру және білім беру инфрақұрылымын жетілдіру мәселелерін талқылады.

«Қазақстандағы онкологиялық көмекті дамыту: радиофармацевтикалық препараттар өндірісінен протондық терапияға дейін» атты тақырыптық іс-шара денсаулық сақтау саласындағы ядролық технологияларды дамытуға, оның ішінде радиофармацевтикалық препараттар өндіруге, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін енгізуге арналды.

Қазақстанның АЭХА Бас конференциясының 70-сессиясына қатысуы еліміздің ғылыми-технологиялық құзыреттерін халықаралық қауымдастыққа таныстырудың маңызды алаңына айналды. Агенттік басшылығының Қазақстанның әлеуетіне берген жоғары бағасы, сондай-ақ ұлттық павильон мен тақырыптық іс-шаралардың мазмұнды бағдарламасы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын айқындап, оны одан әрі дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашты.

Қазақстан атом саласын қауіпсіздік, жауапкершілік және ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану қағидаттары негізінде дамытуды жалғастыруда.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1296299?lang=ru