Алматыда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Василий Долбняны 99 жасқа толған туған күнімен құттықтады
03.04.2026 18:26:22 289
Майдангерді мерейлі жасымен құттықтауға Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері және Медеу ауданы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері келді.
Ардагерге ерлігі, қайсарлығы және Отанға деген адалдығы үшін шынайы алғыс айтылып, құрмет көрсетілді. Қорғаныс министрінің атынан әскери қызметшілер Василий Ивановичке құттықтау хат пен естелік сыйлықтар табыстап, зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі.
– Ең бастысы – бейбітшілік пен ынтымақ. Ашық аспан астында өмір сүру үшін қызмет еттік. Жастардың тарихты ұмытпай, қадірлейтініне қуаныштымын, – деді ардагер.
Василий Иванович Долбня 1927 жылғы 2 сәуірде Алматы облысы Коғалы ауылында дүниеге келген. 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Башқұртстанда әскери дайындықтан өткен. Содан кейін Қиыр Шығысқа жіберіліп, Қытай мен Маньчжурия аумағында милитаристік Жапонияға қарсы шайқастарға қатысқан.
Ардагер ерлігі мен батылдығы үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жж. соғыс ардагері» төсбелгісімен және басқа да наградалармен марапатталған.
Соғыстан кейін Василий Иванович 207-ші жеке барлау ротасының құрамында барлау қызметін жалғастырды. 1951 жылы әскерден босатылып, туған жеріне оралды.
Жұбайы Нина Долгихпен 67 жыл бірге өмір сүріп, үш бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ардагердің төрт немересі бар.
Әскери қызметшілер ардагерлердің ерлігін ұлықтау және олардың өнегесін жас ұрпаққа жеткізу Қарулы күштердің тәрбиелік жұмысының маңызды бағыты болып қала бермек деді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1193800?lang=kk