Бас штаб бастығы «Батыл тойтарыс – 2026» оқу-жаттығуына және Сержанттардың жалпыәскерлік кеңесіне дайындықты тексерді
04.04.2026 12:32:17 243
Алматы, Гвардейск және Қонаев гарнизондарына жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров бөлімшелердің жауынгерлік даярлығын тексеріп, әскери инфрақұрылым нысандарын инспекциялады.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында ол командалық құрамға оқу бағдарламаларын қазіргі заман талаптарына сәйкестендіру, олардың практикалық бағытын күшейту және цифрлық технологияларды енгізу қажеттігін атап өтті.
Сапар аясында алғашқы парашюттік секіруді орындаған курсанттарға десанттық бауырластықтың нышандары – көгілдір берет пен тельняшка табыстау рәсімі өтті.
Гвардейск гарнизонында Бас штаб бастығы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерімен өткізілген көпсатылы командалық-штабтық оқу-жаттығудың қорытынды кезеңін бақылады. Оқу-жаттығу басқару жүйесінің тұрақтылығын арттыруға, штабтардың іс-қимылдарын үйлестіруге және заманауи атыс құралдары мен барлау, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын тиімді қолдануға бағытталды.
Жауынгерлік жағдайға барынша жақын жағдайда бөлімшелер траншеялық ұрыс жүргізу және шағын топтар құрамында әрекет ету дағдыларын пысықтады. Командалық-бақылау пункттерінің жұмысы, байланыс жүйесі, сондай-ақ техникалық және тылдық қамтамасыз ету тексерілді.
Қорытындылай келе, генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров басқару жүйесін жетілдіру, бөлімшелердің ұтқырлығын арттыру бойынша міндеттер қойып, «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Қонаев гарнизонында «Іле» полигонының оқу-әдістемелік жиындар мен Сержанттардың жалпыәскерлік кеңесін өткізуге дайындығы бағаланды. Әкімшілік ғимараттар, оқу орындары, сондай-ақ қатысушыларды орналастыру және тамақтандыру нысандары қаралды.
Сапар аясындағы инспекциялау бөлімшелердің дайындық деңгейін және олардың міндеттерді орындауға әзірлігін айқындауға мүмкіндік берді. Оның қорытындысы бойынша басқару жүйесін жетілдіру және жеке құрамның практикалық даярлығын арттыруды қамтитын басым бағыттар белгіленді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1193961?lang=kk