Құрлық әскерлері әскери институтының 30 курсанты алғаш рет түнде парашютпен секірді
13.04.2026 16:09:08 244
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының үшінші курс курсанттары оқу-жаттығу сабақтары барысында Қонаев гарнизонында түнгі парашютпен секіруді сәтті орындады. Секірулер Ми-17 тікұшағынан 800 метр биіктіктен десант түсіру алаңына жүзеге асырылды.
Парашютпен секірмес бұрын «барлау бөлімшелерін басқару» мамандығы бойынша білім алып жатқан курсанттар теориялық және практикалық сабақтардың толық кешенінен өтті. Жердегі дайындық бағдарламасы қарапайымнан күрделіге қарай қағидасымен жүргізілді. Алдымен курсанттар парашютті жинау тәртібін, секірудің жекелеген элементтерін меңгеріп, кейін динамикалық кешенді тренажерларда дағдыларын бекітті.
Түнгі жағдайда тапсырмаларды пысықтау үшін секіру аймағы алдын ала жарықтандыру, белгі беру бағдарлары және басқару құралдарын қамтитын техникалық құралдар кешенімен жабдықталды. Курсанттар сондай-ақ маңдай шамдармен, жеке қорғаныс және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілді.
– Сіздер қажетті дайындықтан өттіңіздер. Іс-әрекеттеріңізге сенімді болуларыңызды, барлық нұсқаулықтарды қатаң сақтауларыңызды және сәтті қонуларыңызды тілеймін, – деп курсанттарға Құрлық әскерлері әскери институтының бастығы полковник Ербол Нұржанов ақ жол тіледі.
Парашютпен секіру – болашақ офицерлердің кәсіби даярлығындағы маңызды кезең. Дайындықтың барлық сатыларында нұсқаушылар қатаң бақылау жүргізіп, әр курсанттың жабдықтарын мұқият тексерді. Қауіпсіздік шараларын сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
– Бұған дейін күндіз секірген болатынмын. Түнгі секіру мен үшін тың тәжірибе болды. Көріну шектеулі болғандықтан сәл қиындық туғызды, бірақ дайындықтың арқасында тапсырма сәтті орындалды, – деді кіші сержант Сұңғат Дәукен.
Нұсқаушылар құрамы курсанттардың үйлесімді іс-қимылын, тәртібін және парашютпен секіру кезінде көрсеткен кәсібилігін жоғары бағалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1199638?lang=kk