Қазақстан Елшісі Мьянма Одағы Республикасының Президентінің қызметіне кірісу рәсіміне қатысты
15.04.2026 08:19:07 336
Нейпьидо, 2026 жылғы 10 сәуір - Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Мьянма Одағы Республикасының Президенті У Мин Аун Хлайнның қызметіне кірісуіне арналған ресми салтанатты рәсімге қатысты. Іс-шара аясында сондай-ақ елдің вице-президенттері мен Үкіметтің жаңа құрамы ант қабылдады.
Аталған оқиға Мьянма үшін жаңа тарихи кезеңнің басталуын білдіреді. Өз сөзінде У Мин Аун Хлайн Парламент мүшелері арқылы бүкіл халықтың атынан Президент болып сайланғанын атап өтіп, халықтың еркіне құрметпен қарауға, мемлекеттік міндеттерді адал әрі жауапкершілікпен, терең мақтаныш пен абырой сезімімен атқаруға ниетті екенін білдірді. Жаңа Үкімет жалпыұлттық бірлікті сақтау, көппартиялы демократиялық және федеративтік жүйені нығайту, сондай-ақ азаматтардың экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырады. Президент басым бағыттар ретінде білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту және жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіруді кеңейтуді белгіледі.
Халықаралық қатынастарда Президент Үкіметтің теңгерімді саясат ұстанып, көршілес мемлекеттермен және өңірлік серіктестермен достық қарым-қатынасты нығайтатынын мәлімдеді.
Ресми тұлғалармен өткен кездесулер барысында екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен оларды кеңейту перспективалары, атап айтқанда, екі ел арасындағы шарттық-құқықтық базаны дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар көлік, логистика және цифрландыру салаларындағы екіжақты консультациялар аясында қол жеткізілген ілгерілеуді атап өтіп, 2026 жылғы мамыр–маусым айларына жоспарланған Янгон қаласына қазақстандық бизнес-миссияны ұйымдастыру барысын талқылады.
Анықтама:
Мьянма Одағы Республикасы - Оңтүстік-Шығыс Азиядағы халқы 51 миллионнан асатын мемлекет. Елде 100-ден астам этникалық топ тұрады. Мьянма АСЕАН ұйымының мүшесі болып табылады, сирек жер және бағалы металдарға бай, сондай-ақ күріштің 70-тен астам түрін өсіреді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1200929?lang=kk