Қазақстан мен Чехия биологиялық әртүрлілікті сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Чехия биологиялық әртүрлілікті сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

21.04.2026 08:10:46 317

Прага, 2026 жылғы 20 сәуір – Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Әбдірахманов Прага хайуанаттар бағының директоры Ленка Поляковамен кездесті. Кездесу барысында Пржевальский жылқыларын Қазақстанға реинтродукциялау бойынша бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы талқыланды. Тараптар аталған жобаның қоршаған ортаны қорғау және жануарлардың сирек түрлерін қалпына келтіру саласындағы екіжақты және көпжақты табысты іс-қимылдың айқын үлгісі екенін атап өтті. Жаздың басында 4 бастан тұратын кезекті жануарлар тобы ұшақпен Қостанай қаласының оңтүстігінде орналасқан «Алтын дала» резерватына жеткізілетіні белгілі болды.

Қазақстандық дипломат ел билігі мен үкіметтік емес ұйымдардың биологиялық әртүрлілікті сақтауға және табиғи экожүйелердің тұрақты дамуына ерекше басымдық беретінін атап өтті. Қазақстанның жолбарыс, ақбөкен және Қызыл кітапқа енген өзге де қорғалатын аң-құс түрлерінің популяциясын қалпына келтіруге, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуға бағытталған халықаралық табиғат қорғау бастамаларын іске асыруға белсенді қатысып келе жатқаны кеңінен мәлім.

Елші Қ.Әбдірахманов Пржевальский жылқысын сақтау бағытындағы көпжылғы жүйелі жұмыстары үшін, сондай-ақ бұл жануарды Қазақстан даласындағы тарихи мекеніне қайтару жобасына қосқан үлесі үшін Чехия тарапына, германиялық серіктестерге және Қазақстанның биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСҚ) секілді отандық ұйымдарға алғысын білдірді.

Сұхбаттасушылар ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективаларын, соның ішінде бейінді мекемелер арасында тәжірибе алмасу, ветеринария және табиғат қорғау қызметтерінің кадрлық әлеуетін нығайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Қазақстан (Алматы және Шымкент) мен Чехия (Прага және Либерец) хайуанаттар бақтары арасындағы байланысты дамыту және биоәртүрлілікті қорғау саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу бастамалары сөз болды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірегей табиғи мұраны сақтауға және ежелгі далалық қауымдастықтарды қалпына келтіруге бағытталған бірлескен табиғат қорғау жобаларын іске асыруға әрі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендіктерін растады. Бұл қадам Қазақстан мен Чехия арасындағы ғылыми-гуманитарлық әріптестікті нығайтуға септігін тигізеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1204849?lang=kk