Ұлттық кітап күні мерекесі аясында «Кітап және пікір алаңы» атты кітап талқылау кеші өтті

Ұлттық кітап күні мерекесі аясында «Кітап және пікір алаңы» атты кітап талқылау кеші өтті

21.04.2026 10:04:49 288

   20 сәуір күні Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханада «Кітап және пікір алаңы» атты кітап талқылау кеші ұйымдастырылды. Кеш барысында қатысушылар кітаптың адам өміріндегі маңызы мен рухани дамуға қосатын үлесі жөнінде еркін пікір алмасты. Шара ашық форматта өтіп, әр оқырманға өз ойын еркін жеткізуге және оқыған шығармалары туралы әсерімен бөлісуге мүмкіндік берілді. Кештің құрметті қонақтары – «Мизам» әдеби жылжымалы мектебінің дәріскерлері, ақын Жұматай Оспанұлы мен ақын Мұхтар Күмісбек болды. Олар әдеби мектептің мақсаты мен бағыттары, жас қаламгерлерді қолдау жолдары туралы айтып, оқушылардың жетістіктерімен бөлісті. «Мизам» мектебінің оқушылары да белсенділік танытып, кітап оқу тәжірибесі мен шығармашылық орта олардың дамуына әсер еткенін атап өтті. Қатысушылар оқыған кітаптары мен сүйікті шығармалары жөнінде өз ойларын ортаға салды. Кештің негізгі бөлімінде оқырмандар кейіпкерлер бейнесі, шығарма идеясы мен мазмұны туралы пікір алмасып, сыни ойлау және еркін пікір айту дағдыларын дамытты. Сонымен қатар «Кім тапқыр?» атты зияткерлік ойын ұйымдастырылып, қатысушылардың белсенділігін арттырды. Шара соңында белсенді қатысушылар мен «Мизам» әдеби мектебінің тәлімгерлеріне алғыс хаттар табысталды. Кеш мазмұнды пікір алмасуымен ерекшеленіп, оқырман мен әдеби орта арасындағы байланысты нығайтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1204993?lang=kk