Женевада Қазақстанның орнықты даму саласындағы жетістіктері мен бастамалары ұсынылды

Женевада Қазақстанның орнықты даму саласындағы жетістіктері мен бастамалары ұсынылды

22.04.2026 09:54:22 273

2026 жылғы 22 сәуір, Женева қ. - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Ерлан Әлімбаев бастаған делегация 2026 жылғы 21-22 сәуір аралығында Женева қаласында өтіп жатқан БҰҰ Еуропа үшін экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) Орнықты даму жөніндегі өңірлік форумына қатысты. 

Жоғары деңгейдегі пленарлық сессия барысында Қазақстан делегациясы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласында БҰҰ Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын қалыптастыру, БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру, сондай-ақ 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялау туралы бастамаларына, сондай-ақ ОДМ-ға қол жеткізу жолында мемлекеттік органдардың атқарып жатқан кешенді жұмысына назар аударды. 

Сонымен қатар, энергетика саласын дамытудағы жастар белсенділерінің рөліне арналған қосымша іс-шара барысында Астана қаласында өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммит және БҰҰ-ның Орталық Азияның экономикаларына арналған арнайы бағдарламасы (СПЕКА) шеңберіндегі өзара тиімді ынтымақтастық атап өтілді.

Елші Е.Әлімбаев және ҚР Ұлттық экономика министрлігі Әлеуметтік сала, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаментінің директоры Нұргүл Жанназарова форум аясында БҰҰ ЕЭК Атқарушы хатшысы Татьяна Молчан, оның орынбасары Дмитрий Марьясин, бірқатар БҰҰ ЕЭК-ға мүше мемлекеттердің делегация басшыларымен жұмыс кездесулерін өткізіп, екіжақты ынтымақтастық және БҰҰ шеңберіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Оған қоса, Е.Әлімбаев БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары кеңсесінің өкілдерімен ү.ж. қыркүйек және қазанға жоспарланған бала құқықтарын қорғау мен әйелдерге қарсы кемсітушілікті жою салаларындағы Қазақстанның кезекті шолуларына дайындық барысын талқылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-geneva/press/news/details/1205762?lang=kk