Страсбургта Қазақстандағы демократиялық реформалар оң бағаланды

Страсбургта Қазақстандағы демократиялық реформалар оң бағаланды

23.04.2026 14:56:41 314

Страсбург, 2026 жылғы 22 сәуір - Еуропалық парламентарийлер қауымдастығында Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) депутаттары, Еуропа Кеңесі институттарының өкілдері, халықаралық сарапшылар қауымдастығы мен дипломатиялық корпус қатысқан «Қазақстандағы конституциялық және парламенттік реформалар - саяси трансформацияның жаңа кезеңі» атты дөңгелек үстел өтті.

Негізгі баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Евгений Больгерт болды. Спикерлер қатарында ЕКПА-ның «Еуропалық консерваторлар, патриоттар және олардың одақтастары» саяси тобының төрағасы Жольт Немет, «Социалистер, демократтар және жасылдар» фракциясы төрағасының орынбасары Бируте Весайте, Еуропа Кеңесінің саяси мәселелер және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Натали Сабанадзе, сондай-ақ франциялық Еуропадағы перспективалар және қауіпсіздік институтының президенті Эммануэль Дюпюи қатысты.

Қазақстанда өткен республикалық референдумға қатысқан халықаралық байқаушылар – бельгиялық «Diplomatic World» басылымының директоры Альберто Тюркстра және чехиялық «Free Eurasia Foundation» медиаплатформасының өкілі Ислам Текушев дауыс беру барысы мен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы туралы өз пікірлерімен бөлісті.

Қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен кешенді конституциялық және парламенттік реформалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Бұл реформалар демократиялық басқаруды нығайтуға, институционалдық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге және биліктің есептілігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді. Сондай-ақ қазіргі кезеңде саяси плюрализмді тереңдету, азаматтардың қатысуын кеңейту және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру негізгі басымдықтардың бірі екені айтылды.

Парламенттік дипломатияның ұлттық бірлікті нығайту, инклюзивті диалогты дамыту және халықаралық ынтымақтастықты ілгерілету құралы ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.

ЕКПА депутаттары, Еуропа Кеңесінің өкілдері және халықаралық сарапшылар Қазақстанның заң үстемдігін нығайту, демократиялық институттарды дамыту және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру бағытындағы дәйекті ілгерілеуін оң бағалап, ынтымақтастықты және сындарлы диалогты одан әрі тереңдетуге мүдделілік білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-strasbourg/press/news/details/1207000?lang=kk