Мемлекет басшысы «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығына барды

Мемлекет басшысы «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығына барды

26.04.2026 08:08:46 201

2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жыл ішінде елді цифрлық даму бойынша көшбасшылар қатарына шығаруды мақсат етіп қойған болатын. Осыған сәйкес, биыл 6 қаңтарда 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды.

Цифрландыру жылы аясында бірқатар жаңа жобалар іске қосылуда. Астанада «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды.

24 сәуірде Мемлекет басшысы аталған орталыққа барып, Presight компаниясының «Astana Smart City» жобасымен танысты. Бұл жоба жаңа буындағы зияткерлік қалалық инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған.

Сол күні Президент еліміздің 14 өңірінде Tomorrow School жасанды интеллект мектептерінің желісін іске қосты және жасөспірімдерге арналған TUMO Astana креативті технологиялар орталығын ашты. Орталықта 11 бағыт бойынша білім беріледі, оның ішінде генеративті жасанды интеллект, бағдарламалау, ойын әзірлеу, анимация, 3D-модельдеу және робототехника бар.

Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев «alem.ai battle» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар арасында өткен AI Governance Cup байқауының жеңімпаздары алты номинация бойынша марапатталды.

Президент сондай-ақ «Болашақ ойындары – Астана 2026» халықаралық турниріне кері санақты бастап, «Alem.ai» естелік тақтайшасына қол қойды.

Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллект саласында тұрақты ілгерілеуді көрсетіп келеді. «Alem.Cloud» ұлттық суперкомпьютері әлемдік TOP500 рейтингінде 86-орынға ие болды. Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде Қазақстан 60-орынға көтерілді. БҰҰ-ның E-Government Development Index көрсеткішінде 24-орынды иеленіп, теңізге шығатын жолы жоқ елдер арасында бірінші орынға шықты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-delhi/press/news/details/1208714?lang=kk