Бейнеуде «Душанбе-Волгоград» пойызының жолаушысынан 84 литр контрабандалық алкоголь тәркіленді

Бейнеуде «Душанбе-Волгоград» пойызының жолаушысынан 84 литр контрабандалық алкоголь тәркіленді

29.04.2026 18:13:27 149

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті алкоголь өнімдерінің ірі партиясын заңсыз әкелу әрекетінің жолын кескенін хабарлайды.

2026 жылғы 20 сәуірде «Бейнеу» кеден бекетінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметімен бірлесіп, Бейнеу станциясында № 329 «Душанбе – Волгоград» жолаушылар пойызына кедендік бақылау жүргізу барысында шетелдік өндірістің 84 литр (168 бөтелке) декларацияланбаған алкоголь өнімдерін анықтап, тәркіледі.

Тауар Өзбекстан азаматшасы Ю. (1994 жылы туған) жолаушының жеке заттарының арасында болған. Әйел алкогольді Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы міндетті декларациялаусыз және кедендік төлемдерді төлемей, багажында жасырып өткізуге тырысқан.

Іс материалдарын қарау нәтижесінде 2026 жылғы 24 сәуірде Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық соты Ю. азаматшасын Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 545-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған 64 875 теңге (15 айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салынып, тәркіленген тауарды конфискацияға алу тағайындалды.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті ескертеді: акцизделетін тауарларды, оның ішінде алкоголь өнімдерін кедендік шекара арқылы заңсыз өткізу әкімшілік жауапкершілікке, тауарды тәркілеуге және елеулі айыппұл салуға әкеп соғады, егер бұл әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін қамтымаған жағдайда.

Заңды түрде қанша алкоголь әкелуге болады? Еуразиялық экономикалық одақтың нормаларына сәйкес, 18 жастан асқан бір жеке тұлға жеке пайдалану үшін:

- 3 литрге дейін алкогольдік сусындар мен сыраны — бажсыз;

- 3-тен 5 литрге дейін — кедендік баж төлеу арқылы (3 литрден артық әр литрі үшін 10 еуро);

- 5 литрден астам — тыйым салынған.

Кедендік ережелерді сақтау — Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өтетін әрбір азаматтың міндеті. Өңірдегі кеден бекеттерінің қызметкерлері мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау, контрабанданы болдырмау және сыртқы экономикалық қызметтің барлық қатысушыларының заңнаманы қатаң сақтауын қамтамасыз ету бойынша күшейтілген жұмысты жалғастыруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-mangistau/press/news/details/1211555?lang=kk