Қорғаныс министрлігінің Ақтөбе облысындағы акциясына 1300-ден астам оқушы қатысты

Қорғаныс министрлігінің Ақтөбе облысындағы акциясына 1300-ден астам оқушы қатысты

30.04.2026 16:33:41 255

Өңірде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы әскери қызметтің беделін арттыруға, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және жастарды Отан қорғауға даярлауға бағытталған әскери-патриоттық іс-шаралар өткізді.

Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілдері облыстық қорғаныс істері департаментімен және білім басқармасымен бірлесіп, жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналарына әскерге шақыру тәртібі, мерзімді әскери қызметті атқару және елдегі әскери оқу орындарына түсу шарттары туралы жан-жақты мәлімет берді.

– Біз «Біртұтас ел – біртұтас жер» акциясын Ақтөбе, Хромтау қалаларында және Мәртөк ауданында өткізіп, 1300-ден астам оқушыны қамтыдық. Жоғары сынып оқушылары әскери қызметті атқару, жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткендерге арналған білім алу мүмкіндіктері, әскери оқу орындарына түсу талаптары және әскери қызметшілерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат алды, – деп нақтылады ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі полковник Талғат Құлманов.

Облыс орталығында ұйымдастырушылар Шығармашылық академиясында ауқымды іс-шара өткізіп, жалпы білім беретін мектептерде оқушылармен кездесулер ұйымдастырды.

– Әскери қызметшілермен әңгімелесу барысында көптеген пайдалы мәлімет алдым. Енді еліміздегі әскери оқу орындарын және оған қалай түсу керектігін білемін, – деді Ақтөбе қаласындағы №10 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Мұнай Нұрқасым.

Іс-шаралар барысында ақтөбеліктерге Қарулы Күштер туралы бейнеролик көрсетіліп, әскери тақырыптағы көрмелер мен атыс қаруларының үлгілері таныстырылды.

Сондай-ақ акция қатысушылары үшін әскери-патриоттық бағыттағы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Елге деген мақтаныш сезіміне толы өнерпаздардың өнері кештің жарқын қорытындысына айналып, жастардың Отан алдындағы қызметке және әскери мамандыққа деген қызығушылығын арттырды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1212446?lang=kk