Домбыра – ұлттың үні, Конституция – елдің тірегі: Шымкентте қоғамдық орындарда домбырашылар шеруі өтіп жатыр
05.07.2026 12:43:40 281
Ұлттық домбыра күніне орай Шымкент қаласында «Домбыра – ұлттың үні, Конституция – елдің тірегі» атты кең ауқымды мәдени акция ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шара аясында қаланың өнерпаздары мен танымал әртістері қоғамдық көліктерде, аялдамаларда, теміржол вокзалында және ірі сауда орындарында өнер көрсетіп, тұрғындар мен қала қонақтарына ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
Акцияның басты мақсаты – қазақ халқының төл өнерін дәріптеу, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау, домбыраның ұлт руханиятындағы ерекше орнын айшықтау және мемлекеттік құндылықтарға деген құрметті арттыру. Қоғамдық орындарда кенеттен орындалған күйлер мен халық әндері көпшіліктің қызығушылығын тудырып, мерекенің сәнін келтірді.
Шымкент теміржол вокзалы да күмбірлеген күйге бөленді. Мұнда "Қаратау" фольклорлық ансамблі халық алдында арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, қазақтың халық әндері мен күйлерін орындады. Домбыраның күмбірлеген үні вокзал ішін ерекше рухқа бөлеп, жолға шыққан жолаушылар мен қала тұрғындары өнерпаздарды зор ықыласпен қарсы алды.
Ақтөбе қаласына жол тартқан тұрғын Әсемтай Таңатарқызы сапар алдында осындай әсерлі концерттің куәсі болғанына қуанышты екенін жеткізді.
– Ұзақ жолға көтеріңкі көңіл күймен аттанғалы тұрмын. Күтпеген жерден осындай тамаша өнерді тамашалап, ән мен күй тыңдау ерекше әсер сыйлады. Өнерпаздарға алғысым шексіз, – дейді ол.
Өз кезегінде талантты күйші Ернар Сәтім Ұлттық домбыра күнінің мәні мен мазмұны жыл өткен сайын артып келе жатқанын атап өтті.
– Домбыра халқымыздың тарихын, рухын, дүниетанымын жеткізетін қасиетті мұра. Осындай мерекелер арқылы жастар ұлттық өнерге жақындай түседі. Ұлттық домбыра күнінің қоғамдық орындарда аталып өтуі оның тәрбиелік әрі рухани маңызын арттыра түседі, – деді күйші.
Қала аумағында өткен домбырашылар шеруі тұрғындар мен қонақтарға ерекше әсер қалдырып, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әуелеген ән мен күмбірлеген күй көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, ұлттық мәдениетке деген құрметтін арттырды.
Ұлттық өнер мен мемлекеттік құндылықтарды тоғыстырған бұл мәдени жоба домбыраның мәңгілік мұра, ал Конституцияның ел бірлігі мен тұрақтылығының берік негізі екенін тағы бір айқындады.
