Ақтөбеде «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру және өңірдің санитарлық жағдайы мәселелері талқыланды

Ақтөбеде «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру және өңірдің санитарлық жағдайы мәселелері талқыланды

11.07.2026 02:23:05 125

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ облыс қалалары мен аудандарындағы санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының жай-күйі қаралды.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, Ақтөбе облысында экологияны басқарудың неғұрлым технологиялық әрі жүйелі моделіне көшу жұмыстары жалғасуда.

Облыста ауа сапасын бақылау үшін төрт автоматтандырылған бақылау станциясын орнату жоспарланып отыр. Олар Алтын Орда және Есет батыр шағын аудандарында, сондай-ақ Шалқар ауданының Біршоғыр ауылында орналастырылады. Станциялар атмосфералық ауаның жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Ақтөбе қаласының айналасында көлемі 15 гектар болатын жасыл белдеу, ал аудан орталықтарының айналасында 10 гектардан жасыл аймақтар құрылады. Көшет отырғызу жұмыстары 1 қарашаға дейін жалғасады. Көктем мезгілінде облыс бойынша жалпы саны 46,7 мың көшет отырғызылды.

Исатай Еспағанбетов республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында құрылған @TazaQazBot Telegram-ботының жұмысына да тоқталды. Бұл сервис тұрғындарға рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері, абаттандыру мәселелері, аумақтардың ластануы және басқа да экологиялық проблемалар туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді.

«Өңір тұрғындарынан “Таза Қазақстан” чат-боты арқылы тұрақты түрде өтініштер келіп түседі. Барлық өтініштер тұрақты бақылауда болады және әрбір өтініш бойынша тиісті шаралар қабылданады. Бұл құрал мәселелерге жедел әрекет етуге және халықпен тиімді кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді спикер.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қалада көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді кешенді тазалау тұрақты негізде жүргізілетінін атап өтті. Оның ішінде тротуарларды, аялдамаларды, саябақтар мен скверлерді механикаландырылған тазалау, сондай-ақ ірі көлемді және рұқсатсыз тасталған қоқысты шығару жұмыстары бар.

Бұл жұмыстарға 88 бірлік арнайы техника мен коммуналдық қызметтердің 345 қызметкері жұмылдырылған. Қаланың санитарлық күтімі мердігер ұйымдарға бекітілген 16 учаскеде жүзеге асырылады.

Автомобиль жолдарын жазғы күтіп-ұстау жұмыстары 711 көшеде және 54 тұрғын алабында жүргізілуде. Тазалық жұмыстарына 200-ден астам қызметкер мен 100-ден астам арнайы техника тартылған. Барлық техника GPS-трекерлермен жабдықталған, бұл орындалған жұмыстардың сапасы мен көлемін бақылауға мүмкіндік береді.

Жаңа келісімшарттар аясында 2026 жылдың ортасына дейін қаланың санитарлық жағдайын қамтамасыз ететін және жол желісіне қызмет көрсететін мердігер ұйымдар анықталды. Жұмыстарға тазалау, су себу, сыпыру, жол жабындысын тегістеу және жол жиектерін күтіп-ұстау кіреді.

Азамат Бекеттің айтуынша, енгізілген GPS-бақылау жүйесі арнайы техниканың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді және атқарылатын жұмыстардың ашықтығы мен сапасын арттырады.

Баяндамашыларды тыңдаған облыс әкімі Асхат Шахаров санитарлық тазалық жұмыстарын күшейтуді, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жоюды, цифрлық мониторинг құралдарын дамытуды және экологиялық іс-шаралардың тиімділігін арттыруды тапсырды.

Асхат Шахаров «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру бір реттік акциялардан жүйелі жұмысқа көшіп, сапалы жаңа деңгейге шығуы тиіс екенін атап өтті.

«Бүгінде экологиялық жұмыстар заманауи цифрлық шешімдер мен тұрақты бақылауға негізделуі қажет. Ауа сапасын мониторингтеу жүйелерін енгізуді жеделдету, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстарын күшейту және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарудың ашық есебін қамтамасыз ету қажет. Елді мекендерді көгалдандыруға және жоспарланған барлық іс-шараларды белгіленген мерзімде орындауға ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін “Таза Қазақстан” чат-ботының мүмкіндіктерін белсенді пайдалану маңызды. Мемлекет, бизнес және халықтың ортақ жауапкершілігі жағдайында ғана біз өмір сүруге қолайлы әрі таза ортаны қамтамасыз ете аламыз», – деп атап өтті өңір басшысы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-zhastar1/press/news/details/1245640?lang=ru