Алкоголь өнімдерін сақтау және өткізуге лицензиясы туралы Кәсіпкерлер нені білуі керек?
11.07.2026 03:45:58 194
Қазақстан Республикасының аумағында алкоголь өнімдерін өткізу лицензияланатын қызмет түрлеріне жатады. Алкоголь өнімдерін көтерме немесе бөлшек саудада заңды түрде өткізу үшін кәсіпкерлер белгіленген тәртіппен тиісті лицензия алуы қажет.
Алкоголь өнімдерін өндіру аумағындағы қызметті қоспағанда, алкоголь өнімдерін сақтау және өткізуге лицензияны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органдары береді.
Лицензия алу үшін өтінішті электрондық форматта www.egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы беруге болады. Бұл құжаттарды қарау мерзімін едәуір қысқартып, рұқсат құжаттарын алу процесін бизнес үшін анағұрлым ыңғайлы етеді.
Лицензия беру немесе оны беруден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі – өтініш тіркелген күннен кейінгі 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады. Лицензияны қайта ресімдеу мерзімі – 3 (үш) жұмыс күні.
Лицензия алу үшін өтініш беруші электрондық өтінішті, лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжатты, сондай-ақ үй-жайды пайдалану құқығын растайтын құжаттарды ұсынуы қажет. Сонымен қатар сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, кәріз жүйесі және деректерді тіркеу мен беру функциясы бар бақылау-касса машинасының болуы туралы мәліметтер ұсынылады.
Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және оны алу тәртібі. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 616-бабының 4-тармағына сәйкес, қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым мөлшерлемелері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және алым төленген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріне қарай белгіленеді және төмендегідей мөлшерде алынады:
Атауы | АЕК |
Алкоголь өнімдерін өндіру аумағындағы қызметті қоспағанда, алкоголь өнімдерін сақтау және көтерме саудада өткізу (әрбір қызмет объектісі үшін) | 200 |
Алкоголь өнімдерін өндіру аумағындағы қызметті қоспағанда, алкоголь өнімдерін сақтау және бөлшек саудада өткізу (әрбір қызмет объектісі үшін): |
|
- астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда | 100 |
- аудандық маңызы бар қалалар мен кенттерде | 70 |
- ауылдық елді мекендерде | 30 |
Біліктілік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылады. Алкоголь өнімдерінің көтерме саудасын жүзеге асыру үшін алкоголь өнімдерін сақтау, қабылдау және босатуға арналған қойма үй-жайлары болуы қажет. Мұндай үй-жайлар білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының, спорт объектілерінің, жанармай құю станцияларының, базарлардың және мәдени-демалыс мекемелерінің аумағында орналаспауы тиіс.
Алкоголь өнімдерін бөлшек саудада өткізу үшін заңнама талаптарына сәйкес келетін стационарлық үй-жайдың болуы міндетті. Үй-жай сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау және кәріз жүйесімен қамтамасыз етіліп, тіркелген бақылау-касса машинасымен жабдықталуы қажет.
Заңнамада лицензия беруден бас тарту жағдайлары да көзделген. Оларға лицензиялық алымның төленбеуі, біліктілік талаптарына сәйкес келмеу, жалған мәліметтер ұсыну немесе лицензияланатын қызметті жүзеге асыруға қатысты сот шектеулерінің болуы жатады.
Өтінішті қарау нәтижесінде көрсетілетін қызметті алушы лауазымды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық лицензияны немесе бас тарту себептері көрсетілген дәлелді жауапты алады.
Белгіленген талаптарды сақтау және лицензияны уақытылы рәсімдеу алкоголь өнімдерін өткізу қызметін жүзеге асырудың міндетті шарты болып табылады және кәсіпкерлік қызметтің заңдылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1245795?lang=ru