Қазақстанның Ватиканмен тарих ғылымы саласындағы академиялық ынтымақтастығын нығайту
15.07.2026 17:35:26 215
2026 жылғы 24 маусым мен 3 шілде кезеңінде Ватиканда Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ғалымдарының делегациясы ғылыми іссапарда болды.
Ғылыми сапар Шығыстану институты мен Ватикан Апостолдық Кітапханасы және Апостолдық Архиві арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды іс жүзінде жүзеге асыру, сондай-ақ «Ватиканның бірегей материалдары негізінде түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» атты ғылыми жоба аясында ұйымдастырылды.
Делегация мүшелері Ватикан Апостолдық Кітапханасы мен Апостолдық Архивінің қорларында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нысаны ретінде түркі халықтарының ортағасырлық тарихын, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда дәуірін, сондай-ақ түркі мемлекеттерінің Қасиетті Тақпен дипломатиялық және мәдени байланыстарының ерекшеліктерін бейнелейтін тарихи дереккөздер қарастырылды.
Зерттеушілер ерекше назарды қыпшақ тілінің бірегей ескерткіші – «Codex Cumanicus» қолжазбасына қатысты архивтік материалдарға, сондай-ақ XIV ғасырдағы Орталық Азияның, Каспий маңы өңірінің және Ұлы Жібек жолының қалалық орталықтарының географиясын көрсететін сирек картографиялық дереккөздерге аударды. Батыс Еуропамен түркі мемлекеттерінің байланыстарын одан әрі зерттеу үшін ғылыми құндылығы жоғары, бұрын аз зерттелген бірқатар құжаттардың архивтік шифрлары анықталды.
Алынған нәтижелер отандық тарихнаманың дереккөздік қорын едәуір кеңейтіп, Ватиканның бірегей түпнұсқа материалдары негізінде түркі әлемінің тарихы мен мәдени мұрасын іргелі зерттеудің берік негізін қалайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vatican/press/news/details/1257273?lang=ru