Қазақстан Елшісі шахматтан Пәкістан Ұлттық чемпионатының ашылуына қатысты
15.07.2026 20:15:05 161
Исламабад, 10 шілде 2026 ж. – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Е.Қыстафин Пәкістан шахмат федерациясының президенті Зишан Али Накви мырзаның шақыруымен Пәкістанның шахматтан 2026 ж. Ұлттық чемпионатының ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысты.
Іс-шараға сондай-ақ Пәкістанның өңіраралық үйлестіру министрлігінің Федералды хатшысы А.Мохюддин, Пәкістан спорт кеңесінің Бас директоры Я.Хусейн, Пәкістан шахмат федерациясының президенті З.А.Накви және басқа да қонақтар қатысты.
Елші Е.Қыстафин өз сөзінде шахмат, бокс, қазақ күресі және басқа да пәндер сияқты спорт түрлерін қоса алғанда, спорт саласындағы Қазақстан-Пәкістан ынтымақтастығының серпінді дамуын атап өтті. Елші екі елдің спорт федерациялары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту достық қарым-қатынастарды нығайтуға, гуманитарлық байланыстарды дамытуға және спортшылар мен жаттықтырушылар арасында тәжірибе алмасуға ықпал ететінін атап өтті.
Өз кезегінде, федералдық хатшы А.Мохюддин мен шахмат федерациясының президенті З.А.Накви Пәкістанда шахматты дамытуға көрсеткен қолдауы үшін, оның ішінде Исламабадта шахмат академиясын ашуға жәрдемдескені, жергілікті шахматшылар үшін онлайн және офлайн шеберлік сыныптарын ұйымдастырғаны үшін, сондай-ақ басқа да спорт түрлерін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан тарапына алғысын білдірді. Сонымен қатар, Пәкістан тарапы спорт және спорттық дипломатия саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
Қазақстан Елшілігі Пәкістанның шахматтан Ұлттық чемпионатының барлық қатысушыларына табысты өнер көрсетіп, жаңа спорттық жетістіктер тілейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1257436?lang=ru