Формалды негіздер бойынша бас тартуға жол берілмейтін мемлекеттік қызметтер: Қазақстан заңнаманы жетілдіруде

Формалды негіздер бойынша бас тартуға жол берілмейтін мемлекеттік қызметтер: Қазақстан заңнаманы жетілдіруде

16.07.2026 00:42:40 360

2026 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.

Реформаның негізгі бағыттарының бірі мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесін жетілдіру және мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылының сервистік моделіне көшу болды. Алғаш рет заңнамалық деңгейде «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатына негізделген мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделі бекітілді.

Заңмен мемлекеттік қызмет көрсетуден формалды негіздер бойынша бас тартуға жол бермеу қағидаты енгізілді. Егер өтініште қателер болса немесе құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаса, қызмет алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартудың орнына анықталған кемшіліктерді жою үшін ақылға қонымды мерзім беріледі.

Сонымен қатар, қызмет алушы ұғымының аясы кеңейтілді. Енді құқықтарды қорғау тек өтініш берген азаматтарға ғана емес, мемлекеттік қызметті алуға ниет білдірген тұлғаларға да қолданылады. Осындай жағдайлар үшін техникалық ақаулар туындаған кезде өтінішті қайта тапсырмай-ақ мемлекеттік қызметті алу құқығын сақтауға мүмкіндік беретін «Цифрлық күту парағы» енгізіледі.

Тағы бір жаңашылдық – «көрсетілетін қызметті бірлесіп беруші» ұғымының енгізілуі. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету процесіне қатысатын барлық субъектілердің жауапкершілігін айқындауға және әрбір кезеңде белгіленген мерзімдердің сақталуын бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, заңнамада мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартқан жағдайда бас тартудың барлық негіздерін бір мезгілде көрсету, сондай-ақ жаңа мемлекеттік қызметтер енгізілген күннен бастап үш айдан кешіктірмей оларды көрсету қағидаларын бекіту міндеті белгіленді.

Жаңа заңнамалық нормалар мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және қызмет алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Өзгерістердің басым бөлігі 2026 жылғы шілде айынан бастап күшіне енеді.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-mendykarin-audany-akimat/press/news/details/1257925?lang=ru