Жеке табыс салығы бойынша базалық салықтық шегерімді қолдану туралы
16.07.2026 16:48:39 167
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 403-бабына сәйкес жеке тұлғаға әрбір күнтізбелік ай үшін айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі – АЕК) 30 еселенген мөлшерінде базалық салықтық шегерім қолданылады. Бұл ретте күнтізбелік жыл ішіндегі базалық салықтық шегерімнің жалпы сомасы АЕК-тің 360 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Базалық салықтық шегерімді қолдануға, сондай-ақ салық агенті күнтізбелік ай үшін есептеген жеке тұлғаның салық салынатын табысының сомасы базалық салықтық шегерім сомасынан аз болған жағдайда қолданылмай қалған салықтық шегерім сомасын есепке алуға қатысты туындайтын сұрақтарға байланысты аталған мәселе мүдделі тараптардың талқылауына шығарылды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі С.М. Жұманғариннің төрағалығымен 2026 жылғы 8 шілдеде өткен жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық офис отырысы хаттамасының 1.2-тармағына сәйкес базалық салықтық шегерімді әрбір күнтізбелік ай үшін АЕК-тің 30 еселенген мөлшерінде қолдануды, сондай-ақ салықтық шегерімдердің салық салынатын табыс сомасынан асып кеткен бөлігін кейінгі салық кезеңдеріне көшірмеуді көздейтін тәсіл мақұлданды.
Сонымен қатар, Салық кодексінің 409-бабының 2-тармағының ережелері қолданылады. Аталған нормаға сәйкес салық агентінде қалыптасқан салықтық шегерімдердің асып кеткен сомасы, сондай-ақ салық агенті қолданбаған салықтық шегерім сомасы жеке тұлға тарапынан салық декларациясын ұсыну кезінде дербес есепке алынады.
Осылайша, салық агенті базалық салықтық шегерімді қолдану кезінде қолданылмай қалған базалық салықтық шегерім сомасын кейінгі салық кезеңдеріне көшірмейді, яғни белгіленген 30 АЕК мөлшеріндегі базалық салықтық шегерім тек тиісті күнтізбелік ай шегінде ғана қолданылады.
Сонымен қатар, салық агентінен алынбайтын және жеке тұлға дербес салық салуға жатқызылатын табыстарды (салық агентінен алынбаған мүліктік табыс және өзге де кірістер) алған жағдайда, жеке тұлға салық агентінен алынған табыстар бойынша қалыптасқан, салықтық шегерімдердің салық салынатын табыс сомасынан асып кеткен қолданылмаған бөлігін күнтізбелік жыл ішінде АЕК-тің 360 еселенген мөлшерінен аспайтын шекте есепке алуға құқылы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1259079?lang=ru