Бейімбет Майлин ауданының 90 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараларға ресми түрде бастау берілді!
16.07.2026 16:55:53 210
Бүгін Елубай Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінде Бейімбет Майлин ауданының 90 жылдығына арналған «Мерейлі Мерейтой – 90!» атты салтанатты мерейтойлық іс-шара өтті.
Мерекелік шараға аудан тұрғындары мен қонақтары, еңбек ардагерлері, қоғам өкілдері, жастар және құрметті қонақтар қатысты. Жиналған қауымды аудан әкімі Қайсар Батырханұлы Мыржақыпов құттықтап, ауданның бай тарихы, жетістіктері мен жарқын болашағына тоқталды.
Салтанатты шараның ерекше сәттерінің бірі – ауданның өсіп-өркендеуіне адал еңбегімен өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерді құрметтеу болды. Оларға шынайы алғыс пен зор құрметтің белгісі ретінде естелік сыйлықтар табысталды.
Мерекенің сәнін ауданның өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының әсерлі концерттік бағдарламасы келтіріп, көрермендерге туған жерге деген мақтаныш сезімі мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бұл салтанатты кеш – мерейтойлық бағдарламаның алғашқы іс-шарасы ғана. Алдағы екі күнде аудан тұрғындары мен қонақтарын Бейімбет Майлин ауданының 90 жылдығына арналған мазмұнды әрі ауқымды мерекелік іс-шаралар күтуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-bmalin-audany-akimat/press/news/details/1259086?lang=ru