Үндістанның Тамилнад штатымен ынтымақтастықты дамыту туралы

Үндістанның Тамилнад штатымен ынтымақтастықты дамыту туралы

17.07.2026 09:16:00 191

Нью-Дели, 2026 жылғы 15 шілде. Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшісі Азамат Есқараев Ченнай қаласына (Тамилнад штаты) жұмыс сапарымен барды.

Штаттың Бас министрі Ч.Д. Виджаймен кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Елші Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстырып, жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып, Тамилнад компанияларын Қазақстанда жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Үндістан тарапы, ең алдымен, машина жасау, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдірді.

2026 жылдың қыркүйегінде Ченнай қаласында өтетін Қазақстан-Үндістан іскерлік сауда-инвестициялық форумына дайындыққа ерекше назар аударылды. Қазақстанның ірі бизнес-делегациясының қатысуы жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік беретіні және екіжақты экономикалық байланыстардың дамуына қосымша серпін беретіні атап өтілді.

Сапар аясында Елші штаттың жетекші компанияларының басшыларымен және Оңтүстік Үндістанның Сауда-өнеркәсіп палатасының (SICCI) өкілдерімен кездесулер өткізіп, оларды Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен, қолданыстағы преференциялармен және ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарымен таныстырды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломатиялық миссия басшысы энергетика және өнеркәсіптік автоматтандыру саласында жұмыс істейтін «Voltech Engineers Pvt. Ltd.» компаниясының өндірістік алаңында болып қайтты. Компания Алматыдағы кеңсесі арқылы Қазақстанда жұмыс істеуде, ел аумағында жобаларды жүзеге асырады және қазақстандық нарықтағы қызметін одан әрі кеңейту жоспарларын растады.

Жалпы, сапар Тамилнад штатының басшылығымен және өңірдің жетекші компанияларымен өзара іс-қимылды жандандыруға, сондай-ақ қазақстандық инвестициялық мүмкіндіктерді ілгерілетуге және бірлескен экономикалық іс-шараларды дайындауға қосымша серпін беруге мүмкіндік берді.

Анықтама: Тамилнад штаты — Үндістанның оңтүстігінде орналасқан, ең дамыған өнеркәсіптік аймақтарының бірі. Халқы 79 млн-ға жуық. Штаттың экономикасы Үндістандағы ең ірі экономикалардың бірі және жоғары деңгейдегі индустрияландырумен ерекшеленеді. Негізгі салалар - автомобиль жасау, машина жасау, электроника, ақпараттық технологиялар, тоқыма өнеркәсібі, энергетика және денсаулық сақтау.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-delhi/press/news/details/1259316?lang=ru