Елшілікте Қазақстанның саяси трансформациясы және Қазақстан-Пәкістан ынтымақтастығының дамуы мәселелеріне арналған брифинг өтті
21.07.2026 18:28:41 401
Исламабад, 2026 жылғы 20 шілде – Қазақстанның Пәкістандағы Елшілігінде «Жаңа дәуірдегі Қазақстанның саяси трансформациясы және Қазақстан мен Пәкістан ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» тақырыбында Пәкістанның жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өтті.
Брифингті ашқан Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин қатысушыларды Әділетті Қазақстанды құру бағыты аясында жүзеге асырылып жатқан негізгі саяси реформалармен таныстырды. Сонымен қатар, Елші еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңі, мемлекеттік саясаттың басты басымдықтары және әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың алдағы перспективалары туралы жан-жақты баяндады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Тоқаевтың жаңа Конституцияның күшіне енуіне және алдағы Құрылтай сайлауына арналған Парламент Палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінің негізгі ережелері таныстырылды.
Өз сөзінде Елші сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қазіргі екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйіне тоқталып, саяси диалогтың жоғары деңгейін атап өтті. Ол биылғы ақпан айында ҚР Президентінің Исламабадқа жасаған алғашқы мемлекеттік сапарының негізгі қорытындыларына тоқталып, көлік және логистика, сауда мен инвестициялар, білім беру, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, мәдениет, туризм, спорт және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.
Іс-шара соңында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі, Қазақстанға қатысты іс-шараларды кеңінен жариялап жүргені және Елшілік қызметіне тұрақты ақпараттық қолдау көрсеткені үшін БАҚ өкілдеріне алғыс хаттар табыстау рәсімі өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1261452?lang=ru