Қазақстан мен Марокко инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындады
23.07.2026 17:12:49 234Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Марокко Корольдігіне сапары аясында Рабат қаласында Марокко Үкіметінің экономикалық блогының негізгі өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, Марокконың Өнеркәсіп және сауда министрі Рияд Меззурмен, Инвестициялар жөніндегі делегат-министр Карим Зиданмен, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің Бас хатшысы Редуан Аррачпен келіссөздер өтті.
Келіссөздер басында тараптар екіжақты қатынастардың сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге қадам басқанын қанағаттанушылықпен атап өтті. Мұны өзара сауда көлемінің қарқынды өсуі айқын дәлелдейді: 2025 жылы тауар айналымы 68%-ға артып, 461 млн АҚШ долларынан асты. Ал биылғы жылы бұл оң үрдіс сақталып қана қоймай, одан әрі жеделдей түсті. Әңгімелесушілер қол жеткізілген көрсеткіштердің қолда бар әлеуетті толық қамтымайтынын атап өтіп, сауда құрылымын әртараптандыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
Өнеркәсіптік кооперация мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар биыл қазақстандық делегацияның әлемдегі бәсекеге қабілеттілігі жоғары автомобиль жасау экожүйелерінің бірі саналатын Марокконың тәжірибесін зерделеу мақсатында осы елге сапар жасағанын еске алып, цифрлық экономика және ақпараттық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар тараптар аграрлық саладағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын қарастырып, екі ел экономикасының бірін-бірі толықтыратын сипатын атап өтті және осы бағыттағы екіжақты шарттық-құқықтық базаны одан әрі дамытуға ниетті екендерін растады.
Өзара инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселесіне де айрықша көңіл бөлінді. Тараптар Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құру мәселесін пысықтауды қоса алғанда, ынтымақтастықтың жаңа институционалдық тетіктерін іске қосуға мүдделілік танытты.
Өткен жылы енгізілген визасыз режимнің екі ел азаматтарының өзара сапарларының артуына оң ықпал еткені аталып өтіліп, тікелей әуе қатынасын дамыту және бірлескен туристік бастамаларды жүзеге асыру бұл оң серпінді одан әрі күшейтетініне сенім білдірілді.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Марокко арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, сондай-ақ екі елдің бейінді мемлекеттік органдары мен іскер топтары арасындағы сындарлы диалогты жалғастыруға өзара мүдделіліктерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1262706?lang=ru