БӘЙТЕРЕКТІК ОҚУШЫЛАРДЫҢ 225 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХҚА САЯХАТЫ
24.07.2026 12:01:33 216
Биыл Батыс Қазақстан облысында ел тарихындағы айтулы мерейтойлар — Бөкей хандығының 225 жылдығы, Хан Ордасы ауылының 200 жылдығы және алғашқы ағарту ошағы Жәңгір хан мектебінің 185 жылдығы кеңінен аталып өтуде. Осы тарихи мерейлі жыл аясында Бәйтерек ауданының мектеп оқушылары ел ордасы болған киелі де тарихи-мәдени өлкеге арнайы танымдық экскурсия жасап қайтты.
Сапар барысында оқушылар Хан Ордасындағы тарихи-мәдени мұражай кешенін аралап, Бөкей Ордасының қалыптасу кезеңімен және өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың өмір жолымен танысты. Атап айтқанда, қоғам қайраткері Алма Оразбаева, мемлекет және қоғам қайраткері Сейтқали Меңдешев, ағартушы ғалым Хангерей Бөкейұлы және өзге де тарихи тұлғалардың ғибратты ғұмыры туралы тың мәліметтер алды.
Танымдық экскурсия аясында мектеп оқушылары Жәңгір ханның, этнограф әрі ағартушы Салық Бабажановтың, ұлы күйші-композитор Дәулеткерей Шығайұлының кесенелеріне тағзым етіп, олардың халқымыздың рухани-мәдени мұрасындағы орны туралы кеңірек мағлұмат алды. Сонымен қатар табиғаты ерекше Қарағайлы тоғайды аралап, елге қайтар жолда биылғы мектеп түлектерінің тартуы болған «Ынтымақ» мұнарасын тамашалады.
Сапар барысында оқушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында олармен бірге мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, медбике және автокөлік жүргізушісі бірге барды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-baiterek/press/news/details/1263109?lang=ru