Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның негізгі ережелерін түсіндіруге арналған семинар өтті
24.07.2026 18:06:50 206
2026 жылғы 24 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңының негізгі ережелерін түсіндіруге арналған семинар өтті.
Іс-шара Департамент басшысының орынбасары Қазыбек Қойшиновтың төрағалығымен өтті. Семинарға Департаменттің мемлекеттік қызметшілері қатысты.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңды іске асыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің Төрағасы Ержан Айқымбеков баяндама жасады. Ол заңнамадағы негізгі жаңашылдықтарды, оларды іске асыру тетіктерін және мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған реформалардың маңызын жан-жақты түсіндірді.
Сонымен қатар, Ержан Айқымбеков Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі бағыттарына, мемлекеттік қызметкерлердің клиентке бағдарланған қызмет көрсету қағидаттарына, конкурстық іріктеу рәсімдерін жетілдіруге, мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге, тәртіптік практикаға, құқық бұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне тоқталды.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелері туралы «ШҚО Талдау және болжау институты» ЖШС директоры, Шығыс Қазақстан облысының Қоғамдық кеңесінің Төрағасы Аяужан Әшімова баяндады. Ол қатысушыларды конституциялық өзгерістердің мазмұнымен, олардың мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі, қоғамның дамуы мен елдің болашағы үшін маңызымен таныстырды.
Семинар барысында 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттің демократиялық және әлеуметтік қағидаттарын одан әрі дамытуға бағытталғаны атап өтілді.
Семинар соңында сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылды. Қатысушылар жаңа Заңның нормаларын іс жүзінде қолдану және жаңа Конституцияның негізгі ережелеріне қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан жан-жақты түсіндірмелер алды.
Өткізілген семинар мемлекеттік қызметшілердің конституциялық негіздер, құқықтары мен міндеттері жөніндегі білімдерін кеңейтуге, сондай-ақ елімізде жүзеге асырылып жатқан құқықтық реформалардың мәні мен маңызын тереңірек түсінуге ықпал етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1263481?lang=ru