Қазақстанның діндер арасындағы диалог бойынша бастамасы Ливанда жақсы бағалануда

Қазақстанның діндер арасындағы диалог бойынша бастамасы Ливанда жақсы бағалануда

27.07.2026 15:25:55 251

Ливанның діни өкілдері Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне оң баға беруде.  Солардың қатарында Армян Киликия Апостолдық шіркеуінің басшысы, Киликия Католикосы Арам I Қазақстанның халықтар мен діндер арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған саясатын жоғары бағалады.

Католикос Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін қазіргі әлемдегі ең беделді дінаралық үнқатысу алаңдарының бірі ретінде атады. Оның пікірінше, Астана бастамасы әртүрлі діндердің өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіріп қана қоймай, төзімділікті, бейбіт қатар өмір сүруді және жаһандық сын-қатерлерге бірлескен жауап іздеуді ілгерілетуге нақты үлес қосып келеді. Сонымен қатар Арам I Съездің пікірлермен алмасу шеңберінен шығып, қоғам өміріне практикалық әсер ететін, халықтар арасындағы сенім мен өзара құрметті нығайтатын тұрақты халықаралық үдеріске айналуы маңызды екенін атап өтті.

Өзінің үндеуінде Киликия Католикосы қазіргі әлемде діндердің миссиясы тек диалог жүргізумен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, діни қауымдастықтар экстремизмге және қоғамдағы поляризацияға қарсы бірлесіп әрекет етіп, бейбітшілік мәдениетін, адам қадір-қасиетін және өзара құрметті нығайтуға белсенді атсалысуы қажет. Сондай-ақ ол діндердің қақтығыстардың алдын алу, адамгершілік құндылықтарды қорғау және қоршаған ортаны сақтау мәселелеріндегі жауапкершілігіне ерекше тоқталды.

«Шынайы әрі мазмұнды дінаралық диалог өзара түсіністік пен құрметті нығайтуға ықпал етеді, өзара сенім мен бірін-бірі қабылдауды қалыптастырады. Діндер төзімділік пен бейбіт қатар өмір сүру құндылықтарын орнықтыра отырып, төзбеушілікке, фундаментализм мен экстремизмнің сан алуан нысандарына қарсы тұруға тиіс», – деп түйіндеді Киликия Католикосы, Жоғары Мәртебелі Арам I.

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-beirut/press/news/details/1264092?lang=ru