Жаңаөзендік сарбаздың видеосы миллиондаған оқырманды елжіретті

Жаңаөзендік сарбаздың видеосы миллиондаған оқырманды елжіретті

03.08.2026 17:57:13 195

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 5548 әскери бөлімінде жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Әрбір әскери қызметші үшін бұл күн ең маңызды күндердің бірі болып саналады, себебі әскери ант берген сәттен бастап Отан қорғаушының жолы басталады.

Жас сарбаздардың қуанышын бөлісуге олардың ата-ана, туыстары мен достары арнайы келген. Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін құттықтаулар айтылды, келушілер ұлдарын құшақтап, естелік суретке түсіп, сарбаздарға сәтті қызмет тіледі.

Алайда, осы айтулы күннің қуанышын туыстарымен және жақындарымен бөліскен жүздеген жас әскери қызметшілердің арасында жан-жағын үнсіз бақылап тұрған бір сарбаз болды. Сол күні оған ешкім келе алмаған екен.

Бұл сәтті Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласы бойынша "Аналар жүрегі" сарбаз аналары комитетінің өкілі Гүлмира Жанысбаева байқап қалған. Ол жауынгерге жақындап, онымен сөйлесіп, кейіннен сол қысқаша сұхбатын әлеуметтік желілерде жариялаған.

Жас сарбаздың шынайы эмоциясы желі қолдаланушыларын бей-жай қалдырмады. Бір тәуліктен аз уақыт ішінде бейнеролик 1,5 миллионға жуық қаралым жинады, ал мыңдаған қазақстандықтар бұл оқиға жан-жағымызға зейінді болудың, қамқорлық пен адамгершіліктің қаншалықты маңызды екенін еске салатынын атап өтті. Сондай-ақ оқырмандар мыңдаған қолдау сөздерін қалдырған.

Ролик кейіпкері — Орал қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылған қатардағы жауынгер Владимир Усов. Белгілі себептермен оның ата-анасы әскери ант қабылдау рәсіміне келе алмапты.

- Әрине, осындай маңызды күнде ата-анамның қасымда болғанын қаладым. Бірақ мен жағдайды түсінемін. Ең бастысы, олар менде бәрі жақсы екенін біледі. Мен борышымды лайықты өткеру үшін және олардың сенімін ақтау үшін бар күшімді саламын, - дейді ұландық сарбаз ойымен бөлісіп.

Әскери ант қабылдау рәсімі аяқталғаннан кейін бөлім қолбасшылығы сарбаздардың әртүрлі себептермен салтанатты шараға келе алмаған ата-аналарымен бейне байланыс ұйымдастырды. Жас жауынгерлер өздерінің туыстарын көруге, әскери қызметтегі ең маңызды оқиғалардың бірі үшін жылы сөздер мен құттықтаулар естуге мүмкіндік алды.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1267877?lang=ru