«Мектепке жол» акциясы бастау алды

«Мектепке жол» акциясы бастау алды

04.08.2026 08:30:59 237

Бүгін Осакаров ауданында жаңа оқу жылына дайындық кезінде әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының басталуына арналған брифинг өтті.

— Басты мақсат – балаларға дер кезінде көмек көрсетіп, олардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау, – деп атап өтті брифинг барысында Осакаров ауданы білім бөлімінің басшысы Бекова Динара Есмұратқызы.

2025 жылы кәсіпорындардың, кәсіпкерлердің, ұйымдардың және ауданның жанашыр тұрғындарының қолдауының арқасында 243 балаға мектепке дайындалуға көмек көрсетілді. Көрсетілген қолдаудың жалпы сомасы 4 млн 485 мың теңгеден асты.

Осакаров ауданы кәсіпкерлер палатасының Саркенова Жанар Сериковна өз сөзінде бұл акция мемлекет, бизнес және қоғам күшін біріктіріп, көмекке мұқтаж отбасыларды қолдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Акция аясында кәсіпкерлер мен кәсіподақ ұйымдары оқушыларға оқу құралдары салынған мектеп сөмкелерін табыстады. Мұндай қолдау отбасылардың мектепке дайындық шығындарын азайтып, балалардың жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен әрі сеніммен бастауына мүмкіндік береді.

Акцияға қатысу немесе көмек алу мәселелері бойынша тұрғылықты жердегі білім беру ұйымдарына хабарласуға болады. Азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында «Жедел желі» жұмыс істейді: 8(72149)43173.

Акцияға қатысып, қолдау көрсеткен барлық азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз!

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu-osakarovka/press/news/details/1268017?lang=ru