Жаңа Конституция бойынша рақымшылық: Павлодар облысы МКД айыппұлдарды есептен шығару тәртібін түсіндірді
04.08.2026 15:56:13 246Павлодар облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалуына арналған баспасөз конференциясы өтті. Шарада Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Заң басқармасының басшысы Әсем Дүйсембекова мен Түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Төлеген Шаймарданов баяндама жасады. Спикерлер азаматтар мен кәсіпкерлерді мемлекеттік кірістер органдары желісі бойынша әкімшілік жазалардан босату тәртібін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Рақымшылық қолданысына жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын тұлғалар – нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары мен медиаторлар ілігеді. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша орындалмаған процедуралық бұзушылықтар үшін айыппұлдар жойылуға тиіс. Олардың қатарында салық есептілігін тапсыру мерзімін өткізіп алу, бақылау-кассалық машиналарды қолдану кезіндегі бұзушылықтар, тіркеу есебі мерзімдерінен ауытқу және кедендік рәсімдердің басым бөлігі бар.
Рақымшылықтың басты ерекшелігі – оның автоматты сипатында: салық төлеушілерге мемлекеттік кірістер органдарына жеке жүгінудің немесе қандай да бір өтініштер берудің қажеті жоқ, өйткені өндірістерді тоқтату және сот орындаушыларымен өзара іс-қимыл мемлекеттік кірістер органдары тарапынан салық төлеушілердің жеке қатысуынсыз жүзеге асырылады.
Сонымен бірге спикерлер сот тәртібімен тағайындалған айыппұлдар, сондай-ақ салық төлеуден қасақана қалану, салық салу объектілерін жасыру және есептіліктегі сомаларды төмендету үшін қолданылған өндіріп алулар рақымшылыққа ілікпейтінін атап өтті. Осы рақымшылыққа жататын айыппұлдарды жою бойынша барлық процедуралық шаралар 2026 жылдың соңына дейін толық аяқталады.
Павлодар облысы бойынша МКД
түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы басқармасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-pavlodar/press/news/details/1268490?lang=ru