Маңғыстауға туристер не үшін келеді? Сарапшылар туризмді дамытудың негізгі бағыттарын атады
10.08.2026 19:12:59 208
Бүгін Маңғыстау облысында туризм саласын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және өңірдің халықаралық туристік әлеуетін арттыру мәселелері «Маңғыстау» телеарнасының «Экспертное мнение» бағдарламасында талқыланды.
Бағдарламаға Маңғыстау облысы Туризм басқармасының өкілі Гүлсім Жариева, «Mangystau Tour 999» ЖШС директоры, туроператор Ержан Нагманов және «Asia Service» ЖК туроператоры Асия Лукманова қатысты.
Сала өкілдерінің пікірінше, туристерді Маңғыстауға ең алдымен Бозжыра, Шерқала, Тұзбайыр секілді табиғи нысандар, Каспий теңізі, шөлді ландшафттар мен тарихи-мәдени ескерткіштер тартады. Табиғи нысандардың бірегейлігі Маңғыстауды халықаралық деңгейдегі танымал туристік бағыттардың біріне айналдырып келеді.
Туристер ағынының артуына көлік қолжетімділігінің жақсаруы да әсер етуде. Қазіргі таңда Ақтау халықаралық әуежайы арқылы 10 ішкі және 15 халықаралық бағыт бойынша рейстер орындалады. 2025–2026 жылдары Үрімші, Горган және Батуми бағыттары ашылды. Сонымен қатар теміржол және автомобиль қатынасын дамыту, вокзалдарды реконструкциялау, жаңа автовокзал салу және туристік нысандарға апаратын жолдарды жақсарту жұмыстары жүргізілуде.
Туризмнің экономикалық көрсеткіштері де оң динамика көрсетіп отыр. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы орналастыру орындарында көрсетілген қызмет көлемі 20,6 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 11%-ға артқан.
Сонымен бірге сарапшылар туризмнің дамуына әсер ететін бірқатар мәселеге тоқталды. Олардың қатарында туристік нысандарға апаратын жолдардың жағдайы, инфрақұрылым мен сервис сапасы, білікті мамандар тапшылығы және табиғи аумақтарға түсетін антропогендік жүктемені реттеу бар.
Кендірлі курорттық аймағын дамыту және жаңа әуежай салу – осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі. Қазіргі уақытта әуежай құрылысының дайындық деңгейі 35%-ды құрайды.
Туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша да жобалар жүзеге асырылуда. 2024–2025 жылдары салаға 6,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 7 жоба іске асырылды. 2026 жылы жалпы құны 510 млн теңге болатын үш жоба жүзеге асырылып, 40 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Сарапшылардың айтуынша, Маңғыстау үшін басты міндет – туристер санын арттырумен қатар, сапалы сервис пен қолайлы инфрақұрылым қалыптастырып, табиғи және тарихи нысандарды сақтау. Сонымен бірге өңірді жыл бойы туристер қызығушылық танытатын бағытқа айналдыру маңызды.
Маңғыстаудың халықаралық танымалдығын арттыру үшін шетелдік БАҚ, блогерлер мен туроператорларға арналған пресс-турлар, халықаралық іс-шаралар және медиажобалар ұйымдастырылуда. Netflix секілді халықаралық жобалардың өңірде түсірілім жүргізуі де Маңғыстаудың туристік әлеуетін кеңінен танытуға ықпал етуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-tourism/press/news/details/1271857?lang=ru