Ақтөбе облысында тыйым салынған заттарды алып өту әрекеттерінің жолы кесілді

Ақтөбе облысында тыйым салынған заттарды алып өту әрекеттерінің жолы кесілді

12.08.2026 09:55:43 149

Қызметкерлердің қырағылығының арқасында №8 мекемеде тыйым салынған заттарды алып өту әрекеттерінің жолы кесілді

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №8 мекемесі қызметкерлерінің қырағылығы мен кәсіби іс-қимылдарының арқасында тыйым салынған заттарды алып өтуге жасалған екі әрекеттің жолы кесілді.

2026 жылғы 10 тамызда «Қалқан» режимдік-профилактикалық іс-шарасы аясында мекеменің режимдік және жедел бөлімдерінің қызметкерлері ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, тексеру іс-шараларын жүргізді.

Сағат 15:50 шамасында «Строй-Проф» ЖШС жүргізушісі, азамат С.Т.-ны тексеру барысында мекеме қызметкерлері оның шалбар қалтасынан жалпы сомасы 20 000 теңге болатын, әрқайсысы 10 000 теңгелік екі банкнотты анықтап, тәркіледі.

Сол күні сағат 16:30 шамасында азамат А.С. әкелген сәлемдемені тексеру кезінде қызметкерлердің қырағылығының арқасында азық-түлік өнімдерінің арасынан донердің ішіне жасырылған ұялы телефон анықталып, тәркіленді.

Аталған факті бойынша азамат А.С.-ға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, процестік шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды.

Аталған фактілер қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау барысында жоғары деңгейдегі қырағылық, мұқияттылық және кәсібилікті сақтауының маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетеді.

Мекеме басшылығы азаматтарды қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне бару кезінде белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады.

Ескерту: сотталғандарға тыйым салынған заттарды, оның ішінде ұялы байланыс құралдарын және сақтауға әрі пайдалануға тыйым салынған өзге де заттарды беруге әрекет жасау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ps/press/news/details/1272592?lang=ru