Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында Shaiqas-2026 чемпионатына қатысатын 18 команда арасында жеребе тасталды

Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында Shaiqas-2026 чемпионатына қатысатын 18 команда арасында жеребе тасталды

13.08.2026 19:22:16 199

Қазақстан Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған алғашқы ұлттық әскери-инженерлік Shaiqas-2026 чемпионатының финалдық кезеңіне еліміздің әр өңірінен келген 18 команда қатысады.
Қатысушылар «Әуе жүйелері», «Жерүсті жүйелері», «Киберқауіпсіздік» және «Тактика» деп аталатын төрт бағытта өз шеберліктерін сынайды.
Байқауға студенттер, инженерлік мектептердің өкілдері, өнеркәсіптік кәсіпорындардың мамандары мен күштік құрылымдардың қызметкерлері қатысуда.
Қарулы күштердің атынан сайысқа Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштері әскери институтының, Құрлық әскерлері әскери институтының және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының командалары қатысады.
Азаматтық жоғары оқу орындары арасында чемпионатқа Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Назарбаев Университеті, Сүлейман Демирел атындағы университет, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Woodson University, META University, Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және ALT University командалары қатысуда. Одан бөлек отандық кәсіпорындар да өз командаларын ұсынып отыр.
– Қазір біз орналасып, жарыс өтетін алаңмен танысып үлгердік. Командамыз ұзақ уақыт бойы «Әуе жүйелері» және «Тактика» бағыттары бойынша дайындалды. Бұл біз үшін теориялық білімімізді тәжірибеде қолдануға, әсіресе ұшқышсыз ұшатын құрылғыларды басқару дағдыларымызды жетілдіруге тамаша мүмкіндік. Жас инженерлер мен әскери мамандардың бірлесіп қатысуы тәжірибе алмасуға жақсы жағдай жасайды. Мақсатымыз – жай ғана қатысу емес, жеңіс үшін күресу, – деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты Нұрасыл Шаңбай.
Чемпионатты Defence Tech Center инновациялық хабы, WSE, Barys Dynamics, Ақмола облысының әкімдігі, USTEM Foundation, Ashyq Aspan Foundation, Cyberlabs қоғамдық қорлары, Astana Hub, Tensor Engineering және Barys Dynamics School ұйымдары ұйымдастырып, қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.
Қазіргі кезде жеребе тастау рәсімі өтіп, оның қорытындысы бойынша командалардың жарыс кезеңдеріндегі өнер көрсету кезегі анықталды.
Чемпионаттың жүлде қоры – 20 млн теңге. Ертең жарыстың негізгі кезеңі басталады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 15 тамызда өтеді.
Shaiqas-2026 әскери-инженерлік чемпионатының финалдық сайыстарын тікелей эфирде мына https://youtube.com/live/iCARq5w4sUU сілтеме арқылы тамашалауға болады⁠.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1273952?lang=ru