Қазақстанның жаңадан тағайындалған Елшісі Мажарстандағы қазақстандық студенттермен алғашқы кездесуін өткізді
17.08.2026 12:46:03 271
Будапешт, 2026 жылғы 14 тамыз – ҚР Мажарстандағы Елшілігінде жаңадан тағайындалған Елші Анель Бақытбекқызының осы елде жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттермен алғашқы танысу кездесуі өтті.
Кездесу барысында Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының өзекті мәселелері, алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы, Елшілік қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ қазақстандық жастардың Мажарстанда білім алуы мен тұруына қатысты мәселелер талқыланды.
Құрылтай депутаттарының алдағы сайлауына ерекше назар аударылды. А.Бақытбекқызы студенттерді дауыс беру тәртібі туралы хабардар етіп, жастардың елдің қоғамдық-саяси өміріне саналы түрде қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Елші 2026 жылғы 23 тамызда сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін Қазақстанның Будапешттегі Елшілігі жанындағы №407 сайлау учаскесі жұмыс істейтінін хабарлады. Онда сайлау құқығына ие және Мажарстан аумағында тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары дауыс бере алады.
Ішкі саяси күн тәртібі аясында жаңа Конституцияның қабылдануы, Парламентті реформалау және елдің жаңа жоғары өкілді органы - Құрылтайдың құрылуы мәселелері сөз болды.
Халықаралық күн тәртібіне тоқталған А.Бақытбекқызы студенттерге Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттары мен қазіргі халықаралық ахуал туралы айтып берді. Сондай-ақ халықаралық қатынастар мен дипломатиялық қызмет мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
Шетелдегі қазақстандық жастардың білім алуы мен өмір сүру мәселелеріне де айрықша назар аударылды. Елші сапалы білім алудың, кәсіби тұрғыдан дамудың және жинақталған білім мен дағдыларды тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ол студенттердің шетелдегі Қазақстан өкілдері ретіндегі ерекше рөліне тоқталып, оларды қабылдаушы елдің заңнамасы мен дәстүрлерін құрметтеуге шақырды.
Өз кезегінде қазақстандық студенттер Мажарстан университеттеріндегі оқу үдерісі, таңдаған мамандықтары, кәсіби қызығушылықтары мен болашақ жоспарлары туралы айтып, бірлескен бастамалар мен іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті.
Кездесу ашық әрі сындарлы ахуалда өтіп, қатысушылар тұрақты диалогты жалғастыруға және Елшілік пен Мажарстандағы қазақстандық студент жастар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделілік білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1275069?lang=ru