«Қазақстан Республикасының резиденттігін растау» мемлекеттік қызметін көрсету.
17.08.2026 17:57:02 242
Бұл мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің облыстардағы және республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық органдары (Департаменттері) Қазақстан Республикасының Салық кодексі шеңберінде және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 31 қаңтардағы №39 «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес көрсетеді.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 11 қарашадағы №689 «Резиденттікті растауға және мемлекеттік кірістер органдарының ресми құжаттарына апостиль қоюға байланысты кейбір мәселелер туралы» бұйрығымен реттеледі. Аталған бұйрықпен мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары бекітілген.
Резиденттікті растауды алуға құқылы тұлғалар:
жеке тұлғалар – Қазақстан Республикасының азаматтары;
шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар– Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын адамдар, сондай-ақ тұруға ықтиярхаты бар адамдар;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар.
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 224-бабына сәйкес резиденттікті растайтын құжатты салық органы қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық шарттарды және Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі өзге де мақсаттарды қолдану үшін береді.2026 жылдан бастап Қазақстан Республикасының аумағында салықтық шегерімдерді немесе төмендетілген мөлшерлемелерді қолдану үшін резиденттік сертификаты талап етілмейді. Резидент мәртебесін салық агенті (жұмыс беруші) Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 222-бабы негізінде дербес айқындайды.
Резиденттікті растау үшін өтініш беруші мынадай құжаттарды ұсынуы қажет:
-резиденттікті растау туралы салықтық өтініш;
- жеке басын куәландыратын құжат не сәйкестендіру үшін цифрлық
құжаттар сервисіндегі электрондық құжат;
- заңды тұлғалар үшін – тіркеуді және тиімді басқару орнын растайтын құжаттар;
- резидент болып табылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін – тұлғаның сәйкестендіру деректері және Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасынан кеткен күндері туралы мәліметтер көрсетілген шетел паспортының немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігінің беттерінің нотариат куәландырған көшірмелері;
- Қазақстан Республикасында болу мерзімін растайтын құжат (Қазақстан Республикасында болған және Қазақстан Республикасынан кеткен күндері көрсетілген визалар немесе өзге де құжаттар). Мұндай құжаттың түпнұсқасы ұсынылған жағдайда нотариаттық куәландыру талап етілмейді;
- «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық резиденттері болып табылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін – Қағидаларға 1-қосымшаның 8-тармағының 6) тармақшасында көзделген құжаттар топтамасы.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі қызмет алушы құжаттарды ұсынған күннен бастап 2 жұмыс күнін құрайды.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі – Қазақстан Республикасының резиденттігін растау туралы сертификатты беру не Қағидаларға 1-қосымшаның 9-тармағында көрсетілген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту туралы шешім шығару.
Мемлекеттік қызмет электрондық форматта электрондық үкімет порталы және Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері арқылы қолжетімді. (1. Онлайн: Egov.kz порталы немесе ЭЦҚ пайдалана отырып, Салық төлеушінің кабинеті knp.kgd.gov.kz арқылы. 2. Офлайн: Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) / «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы комерциялық емес Акционерлік қоғамы» (КЕАҚ) арқылы).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1275371?lang=ru