Қазақстан Елшісі Ұлыбританияда сенім грамоталарының көшірмелерін табыстады
18.08.2026 21:00:48 228
– 2026 жылғы 18 тамыз, Лондон. Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлібек Бақаев Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі Протокол департаменті директорының міндетін атқарушы, Дипломатиялық корпустың көмекші маршалы Элеанор Маккьюнге сенім грамоталарының көшірмелерін табыстады. Осылайша, Елшінің Ұлыбританиядағы дипломатиялық миссиясы ресми түрде басталды.
Э. Маккьюн жаңадан тағайындалған Қазақстан Елшісін құттықтап, Лондондағы дипломатиялық қызметіне табыс пен сәттілік тіледі. Британдық дипломат Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастықтың түрлі бағыттар бойынша қарқынды дамып, жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтіп, Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігімен тығыз жұмыс байланыстарын одан әрі жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Ресми рәсімнен кейін тараптар Қазақстан – Ұлыбритания қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен оларды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Ә. Бақаев биылғы жылдың маусым айында күшіне енген Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің екіжақты байланыстарды дамытуға берік институционалдық негіз қалағанын атап өтіп, Қазақстанның Ұлыбританиямен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтті.
Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде саяси диалогты дамыту, сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейту, аса маңызды минералдар, энергетика және көлік салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ білім беру, жасанды интеллект және гуманитарлық байланыстар саласындағы өзара іс-қимылды дамыту айқындалды.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат британдық тарапты Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысы туралы хабардар етті. Атап айтқанда, жаңа Конституцияның күшіне енуі және алдағы Құрылтай сайлауы жөнінде ақпарат берді.
Кездесу соңында Ә. Бақаев британдық тарапқа жылы қабылдауы мен мазмұнды кездесуі үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту мақсатында Ұлыбритания Үкіметімен тығыз әрі сындарлы ынтымақтастық орнатуға дайын екенін растады.
Анықтама ретінде: Қабылдаушы тараптың протоколдық тәртібіне сәйкес, сенім грамоталары көшірмелерінің табысталуы Қазақстан Елшісінің Ұлыбританиядағы дипломатиялық миссиясының ресми басталуын білдіреді. Мәртебелі Король ІІІ Чарльзға сенім грамоталарын салтанатты түрде табыстау рәсімі кейінірек өтеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1276210?lang=ru