Қазақстанның Албаниядағы Елшілігінде конституциялық реформа мен Құрылтай депутаттарының сайлауына арналған брифинг өтті
18.08.2026 23:32:21 248Тирана, 2026 жылғы 18 тамыз – Қазақстанның Албаниядағы Елшілігінде жергілікті албан бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылар қауымдастығының өкілдеріне арналған Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы және алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы туралы ақпараттық брифинг өтті.
Аталған кездесуге Албанияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен сараптамалық топтардың өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында сөз алған Қазақстан Елшісі Искандер Айсариев қатысушыларға өз ілтипатын білдіріп, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға және қазақ-албан қатынастарының дамуына қызығушылық танытқандары үшін алғысын жеткізді.
Брифинг барысында Қазақстан Елшілігінің кеңесшісі қатысушыларды 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда қабылданған және ағымдағы жылғы 1 шілдеде күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелерімен таныстырды.
Заң шығару билігін жүзеге асыратын елдің жоғары өкілді органы ретінде екі палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға Құрылтайды қалыптастыру тәртібі, оның негізгі өкілеттіктері, саяси партиялардың рөлі, сондай-ақ 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы туралы мәлімет берілді.
Спикер ретінде шақырылған халықаралық құқық саласындағы албан сарапшысы, доктор Редион Люли сөз сөйлеп, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың саяси және институционалдық маңызына сараптамалық баға берді.
Р. Люли Еуразия кеңістігінде стратегиялық маңызы бар ірі мемлекет саналатын Қазақстанның мемлекеттік институттарды жаңғырту тәжірибесі албан аудиториясы үшін ерекше қызығушылық тудыратынын атап өтті.
Негізгі тақырыппен қатар қатысушыларға Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен халықаралық аренадағы рөлі, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуға қосқан үлесі, сондай-ақ ядролық қарусыздану мен конфессияаралық диалогты ілгерілету жөніндегі бастамалары туралы ақпарат ұсынылды.
Брифинг соңындағы пікір алмасу барысында қатысушылар жаңа конституциялық өзгерістерді іс жүзінде жүзеге асыру мәселелеріне, Құрылтай қызметі мен сайлау үдерісіне, сондай-ақ Қазақстан мен Албания арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларына ерекше қызығушылық танытты.
Іс-шара Қазақстан Елшілігі мен албан БАҚ өкілдері және сарапшылар қауымдастығы арасындағы тікелей диалогты кеңейтуге ықпал етті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-albania/press/news/details/1276223?lang=ru