Самар ауданында спортшылар марапатталды
19.08.2026 18:53:14 190
Самар ауданында Спорт күніне арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Облыс және аудан басшылығының, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының атынан 40-қа жуық спортшыға — жастарға, аудан тұрғындары мен спорт ардагерлеріне алғыс хаттар мен грамоталар табысталды.
Іс-шараға қатысушыларды Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов құттықтады. Өз сөзінде аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес елімізде бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға, жас ұрпақтың спортпен айналысуына барлық жағдай жасауға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
«Спорт — ұлт денсаулығының кепілі ғана емес, жастарды тәртіпке, табандылыққа және жеңіске ұмтылуға тәрбиелейтін маңызды бағыт», — деді аудан әкімі.
Серік Жеңісовтің айтуынша, облыс басшылығының қолдауымен ауданда спорттық инфрақұрылымды дамыту және бұқаралық спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
«Қазір өздеріңіз көріп отырсыздар, соңғы бір жылда ауданымызда бірнеше спорт нысаны мен жаңа спорт алаңдары ашылды. Біздің басты міндетіміз — олардың санын арттырып, спортпен шұғылдануға қажетті жағдай жасау. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз», — деді аудан әкімі.
Самар ауданының спорт бөлімі мәліметінше, бүгінде ауданда 300-ге жуық адам спорттың әртүрлі түрімен тұрақты түрде айналысады. Ауданда волейбол, футбол, қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, асық ату, тоғызқұмалақ, баскетбол, үстел теннисі, шахмат, дойбы, қол күресі, гир спорты, воркаут және басқа да 15-тен астам спорт бағыты дамып келеді.
Ат спортына да ерекше көңіл бөлінуде. Бәйгеге шамамен 15 адам қатысады, спортшылардың иелігінде 35-ке жуық жылқы бар. Ауданның 20-ға жуық спорт ардагері спорттық өмірге белсенді араласып, өз тәжірибесін жас ұрпаққа беріп келеді.
Соңғы бір жылда ауданда спорттық инфрақұрылым айтарлықтай жаңарды. Самар ауылындағы өрттен кейін қалпына келтірілген спорт мектебінің ғимараты қайта жөнделіп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ Самар ауылында бассейн жұмыс істейді.
Құлыңжон ауылында «Ybyrai mektebi» мектебі базасында спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Ал Жұмба ауылында қажетті құрал-жабдықтармен және тренажерлармен жабдықталған заманауи спорт залы ашылды. Құлыңжон және Аққала ауылдарында тренажер залдары жұмыс істейді. Ауданның елді мекендерінде воркаут алаңдары мен шағын футбол алаңдары жабдықталған.
Қыс мезгілінде оқушылар арасында хоккей спорты да белсенді дамып келеді. Спорттық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту және түрлі спорт бағыттарын қолдау тұрғындарды дене шынықтыру мен спортқа кеңінен тартуға, сондай-ақ жаңа спортшыларды даярлауға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1276952?lang=ru