Қазақстан мен Сауд Арабиясы «Astana Mining & Metallurgy» қорытындысы бойынша ынтымақтастықты дамытуда
27.08.2026 16:43:48 183
Рияд, 2026 жылғы 24 тамыз – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Корольдіктің Өнеркәсіп және минералды ресурстар вице-министрі Халед Әл-Мудайфермен кездесу жүргізді.
Келіссөздер барысында тараптар 2026 жылғы маусымда Сауд Арабиясы делегациясының Қазақстанға 16-шы халықаралық «Astana Mining & Metallurgy» конгресі мен көрмесіне қатысу мақсатында жасаған сапарының қорытындыларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Өнеркәсіп және минералды ресурстар министрлігі арасындағы сирек жер металдары саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуын жоғары бағалады. Аталған құжат тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз қалады.
Осыған байланысты тиісті мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар және екі елдің іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды жалғастырудың, сондай-ақ минералды ресурстарды барлау, өндіру және қайта өңдеу салаларындағы бірлескен бастамаларды іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-сауд ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға және тау-кен өнеркәсібіндегі, оның ішінде аса маңызды минералдар саласындағы перспективалы жобаларды ілгерілетуге мүдделі екендерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-riyadh/press/news/details/1281225?lang=ru