Будапештте Қазақстан Елшілігінің қолдауымен ядролық сынақтардан азат әлемді қолдауға арналған жүгіру өтті
28.08.2026 20:29:16 79
Будапешт, 2026 жылғы 27 тамыз – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі Мажарстанда білім алып жатқан қазақстандық студенттермен бірлесіп, жыл сайын 29 тамызда атап өтілетін Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнге арналған еске алу жүгіруін ұйымдастырды.
Іс-шара Будапешттің ең көрікті орындарының бірі - Маргит аралында өтті. Қатысушылар 29 тамыз күнін білдіретін символдық 8,29 шақырым қашықтықты еңсерді.
Жүгірудің басты мақсаты - ядролық қарудың қаупіне, ядролық сынақтардың ауыр гуманитарлық және экологиялық зардаптарына, сондай-ақ ядролық сынақтарсыз қауіпсіз болашақ құрудың маңыздылығына назар аудару.
Қазақстан үшін 29 тамыздың тарихи мәні ерекше. 1991 жылы дәл осы күні Семей ядролық сынақ полигоны ресми түрде жабылды. Аталған полигонда барлығы 456 ядролық сынақ өткізілді. Оның зардабы халықтың денсаулығына, жергілікті қауымдастықтардың өміріне және қоршаған ортаға ұзақ мерзімді әсерін тигізді.
Қазақстанның бастамасымен 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 64/35 қарарын қабылдап, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялады. Бұл шешім Қазақстанның ядролық қарусыздану, таратпау және ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы дәйекті ұстанымының маңызды белесіне айналды.
Будапештте өткен символдық жүгіру тарихи жадыны сақтаудың, халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың және бейбітшілік мәдениетін ілгерілетудің маңызын тағы бір мәрте атап өтуге мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі алдағы уақытта да салауатты өмір салтын насихаттауға, командалық рухты нығайтуға және Мажарстандағы қазақстандық қауымдастықтың бірлігін арттыруға бағытталған спорттық іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1282295?lang=ru