Қазақстан мен Чехия су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
28.08.2026 20:29:28 57
Прага, 2026 жылғы 26 тамыз - Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанға сапар қарсаңында Чех Республикасы Қоршаған орта министрінің орынбасары Мартин Вайсспен, оның басшылығымен келетін делегацияның алдағы сапарына байланысты кездесу өткізді.
Чехиялық ресми тұлғалар, салалық компаниялар мен жоғары оқу орындарының өкілдері қазақстандық әріптестерімен су ресурстарын тиімді басқару, коммуналдық сумен жабдықтау жүйелерін дамыту және суды тазартудың заманауи технологияларын қолдану мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр. Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында өтетін алдағы кездесулер қазақстандық және чехиялық ұйымдар арасында тікелей байланыстар орнатуға, озық технологиялармен алмасуға, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын айқындауға ықпал етпек.
Чех делегациясының Қазақстанға еліміздің саяси жүйесін жаңғырту үдерісі жүріп жатқан кезеңде келуіне байланысты Чех Республикасы Үкіметі мүшесінің орынбасары М.Вайсс жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауының қорытындылары, сондай-ақ Қазақстанның су дипломатиясы мен су ресурстарын орнықты басқару саласындағы халықаралық бастамалары туралы хабардар етілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды. Аталған бастама су ресурстары саласындағы халықаралық күш-жігерді топтастыруға және тиімді ұжымдық шешімдер әзірлеуге бағытталған. Сонымен қатар екі ел делегацияларының озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасы шеңберіндегі өзара іс-қимылы да талқыланды.
Тараптар қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын басқару, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ суды тазарту мен оны ұтымды пайдаланудың заманауи технологияларын енгізу салаларындағы қазақстан-чех ынтымақтастығын одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.
Чех делегациясының Қазақстанға алдағы сапары 2026 жылғы сәуірде Чех Республикасының Премьер-министрі А.Бабиштің Қазақстанға жасаған сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және екі елдің тиісті мемлекеттік органдары, бизнес құрылымдары мен академиялық қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған нақты қадам болмақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1282292?lang=ru